Атқару комитетінің мәжілісі
2019 жылғы 28 маусым күні «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Түркістан облыстық ұйымы» ҚБ атқару комитетінің кезектен тыс кеңейтілген мәжілісі өткізілді.
Атқару комитетінің кеңейтілген мәжілісіне атқару комитетінің мүшелері, аудандық, қалалық кәсіподақ комитеттерінің төрағалары, кәсіподақ активі қатысты.Атқару комитеті мәжілісін облыстық кәсіподақ комитетінің төрағасы Б.Еркінбек ашып, жүргізіп отырды.
Күн тәртібіндегі «Арыс қаласында болған төтенше жағдайға байланысты облыстық кәсіподақ комитетінің, филиалдарының қайырымдылық көмек көрсету және алдағы атқарылатын жұмыстары жайлы» облыстық кәсіподақ комитетінің төрағасы Б.Еркінбек хабарлама жасады.
Арыс қаласындағы төтенше жағдайды есітіп, Шымкент қалалық кәсіподақтар орталығы және облыстық салалық кәсіподақтар сол күні Арыс қаласының 100 адамын кәсіподақтар орталығы ғимаратына қабалдауды ұйымдастырды. Кейінгі күндері әлеуметтік көмек алуға тіркелгендер саны 400-ге жуықтады. Салалық кәсіподақтар Арыс қаласынан көшірілген адамдарға қалыпты тұрмыстық жағдайлар жасау, балаларына аяқ-киім алып беру, тамақтандыру, ауыз сумен қамтамасыз ету үшін барлық мүмкіндікті жасауда. Білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының Түркістан облыстық комитеті Қазақстандық салалық кәсіподақ оргалығына хат жолдап, Республика бойынша білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының облыстық комитеттерін Арыс қаласы тұрғындарына қайырымдылық көмек көрсетуге тартуға көмектесу туралы өтініш білдірдік. Қазір Салалық кәсіподақтың орталық кеңесі қайырымдылық көмек ретінде 5 млн. теңге қаражат аударды. Басқа облыстар да осы қайырымдылық жұмысқа белсенді атсалысуда. Түркістан облыстық кәсіподақ комитеті аппаратының қызметкерлері бір күндік еңбек ақысын көмек көрсету қорына аударуға ниет білдірді және алдағы кезде көмек көрсетуді жалғастырады. Облыстық кәсіподақ комитеті Арыс қаласы білім беру ұйымдарында жұмыс істеушілердің 300 баласын жазғы лагерлерде демалуын ұйымдастыру жөнінде жұмыстар жүргізуде.
Атқару комитетінде сөз сөйлеген, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті қызметкерлері кәсіптік одағының төрағасы Қ.Мусабеков университеттің 3 жатақханасына 1800-ден аса адам қабылданып, 2500-ге адамға ыстық тамақ беру, тұрмыстық жағдайлар жасау, киім-кешек әперу жөнінде жұмыстар атқарылды. Университеттің қызметкерлері, психологтары мен дәрігерлері психологиялық-моральдық қолдау жұмыстарын атқарып отырды. 27 маусым күні А.Қоразбаев, Р.Мухамедқызы, Н.Албан және «Жігіттер» тобы Арыс қаласы тұрғындарының көңілін көтеру шараларын өткізді, қайырымдылық көмек көрсететінін мәлімдеді.
Атқару комитеті мәжілісінде сөз сөйлеген А.Абуов, Ә.Тастанбеков, Ж.Мухаев, Ә.Сәдірмек облыстық кәсіподақ комитеті тарапынан берілетін көмекті нақты және атаулы түрде және барынша ертерек беруді ұсынды.Осы мақсатта облыстық кәсіподақ комитетінің арнайы комиссиясы құрылды. Комиссия, Арыс қаласы бойынша білім беру саласында жұмыс істейтін адамдардың тізбесін құрып, зардап шегу дәрежесіне қарай түскен қаражатты бөлу мәселесін шешетін болады.Облыстық кәсіподақ ұйымының атқару комитеті қаралған мәселе бойынша қаулы қабылдады.
Атқару комитетінің қаулысына сәйкес, Арыс қаласы бойынша білім беру ұйымдары мен мекемелері қызметкерлеріне қайырымдылық көмекті атаулы түрде беру, ол үшін оларға зардап шегу деңгейін зерделеу жасау, кімге қандай көлемде қаражат беру мәселесін шешу үшін арнайы комиссия құрылды. Қайырымдылық көмек үшін түскен қаражатты облыстық комиссия ұсынысына сәйкес жария түрде беуді ұйымдастыру туралы шешім қабылданды.
-
Фотографии
-