А.ТАСПИХОВТЫ ҚОЛДАУҒА АРНАЛҒАН ЖИЫН ӨТТІ
Жамбыл облыстық кәсіподақтар үйінде өткен ҚР Президенттігіне үміткер А.Таспиховтың сенімді өкілдерінің кәсіподақтың Біріккен комитет мүшелерімен кездесуі болып өтті. Кездесуге қатысқан сенімді өкілдер жиын қатысушыларын А.Таспиховтың сайлауалды бағдарламасымен таныстырып, көкейінде жүрген сауалдарға жауап берді.
Кез-келген еңбек дауы ұжымдық шарт шеңберінде қаралып, кәсіподақ ұйымы мен жұмыс беруші тарап мүше болып табылатын келісім комиссияларында қаралады. Ұжымдық шарттың болуымен жұмысшы анағұрлым қорғалған болады. Алайда, көп жұмыс берушілер ұжымдық шарт жасап, өзіне міндеттеме алудан қашқақтайды. Бұл туралы осы жиын барысында кеңінен әңгіме өрбіді.
- ҚР Президенттігіне үміткер Аманкелді Таспиховтың сайлауалды тұғырнамасының ең негізгісі - осы ұжымдық келісімшарт. Ұжымдық келісім-шартта жұмысшыларға әлеуметтік қолдау көрсету, еңбекақы жүйесін ынталандыру, еңбек жағдайын жақсарту бойынша қосымша іс-шараларды қарастыруға болады. Қазір елімізде жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың тек 41 пайызында ғана ұжымдық келісім-шарт жасалған. Біздің кандидат өз бағдарламасында меншік түріне қарамастан барлық кәсіпорындар мен ұйымдарда міндетті түрде заң аясында ұжымдық келісім-шарт жасалуына қол жеткіземіз деген ниетте, - деді Ерұлан Мағзымбеков.
Жиын соңында ақпараттық парақшалар таратылып, азаматтық белсенділік танытуға үндеген жалынды сөздер айтылды. Сайлаушылар тарапынан қойылған сұрақтарға жауаптар қайтарылды.
Перизат БАҚЫТ
-
Фотографии
-