ЕҢБЕК ҚАУІПСІЗДІГІ АДАМ ӨМІРІНІҢ КЕПІЛІ
Жуырда Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат Амангелді Таспиховтың сенімді өкілдерінің Жамбыл облысы, Талас ауданы Қаратау қаласындағы сайлаушылармен кездесуі өтті. Келелі кездесуге аудандық білім мекемелерінің бастауыш кәсіподақ ұйымының жетекшілері, кандидаттың сенімді өкілдері мен қала тұрғындары қатысты.
Қазыналы Қаратауда болған кандидаттың сенімді өкілдері сайлаушыларды алдағы науқанға біркісідей қатысып, азаматтық белсенділік танытуға шақырды. Сондай-ақ, кәсіподақтар атынан кандидат А.Таспиховтың бағдарламасымен таныстырып, бағдарламаға өзек болған маңызды мәселелерді әңгіме арқауына айналдырды.
Үгіт-насихат шарасында сөз алған Ерұлан Мағзымбеков бағдарламада қарапайым жұмысшылардың конституциялық еңбек құқын аяқасты еткен жауапсыз жұмыс берушілердің әкімшілік және қылмыстық жауапкершілігін қатайту қаралғанын тілге тиек етті.
- Мемлекет пен жұмыс беруші әрбір жұмысшының өз отбасына күн сайын аман-сау оралуы үшін оның жұмыс орнында қауіпсіз еңбек жағдайын жасауы керек, - деді Ерұлан Сәбенұлы.
Сенімді өкілдің айтуы бойынша қазір Қазақстандағы әрбір 7-ші жұмысшы қауіпті және зиянды жағдайда жұмыс істейді. Олардың төрттен бірі – әйелдер. Ресми дерек бойынша жыл сайын өндірісте 1500 астам жұмысшы жарақат алып, 200-ден астам жұмысшы қайтыс болады. Әсілінде, жарақат алушылардың саны бұдан көп. Себебі, жұмыс берушілер жазатайым оқиғаларды жасыруға тырысады. Өндірісте өліммен аяқталған жағдайлардың 70 пайызына жұмыс берушілер кінәлі. Жұмыс орнындағы кез-келген өндірістік жарақатқа жұмыс беруші жауапты болуы тиіс. Өйткені, жұмыс істейтін адамның өмірі мен денсаулығынан артық ештеңе жоқ.
Шара барысында үгіт материалдары таратылып, сайлаушылардың сұрақтарына жауаптар берілді.
Перизат БАҚЫТ
-
Фотографии
-