ТӘРБИЕНІҢ ТАЛ БЕСІГІ - БАЛАБАҚША
«Астана дарыны» дарындылықты дамыту және психологиялық сүйемелдеу орталығы қалалық «Әділет» білім беру қызметкерлерінің кәсіподағымен бірлесе отырып тәрбиеленушілері мектеп жасына дейінгі балалардың арасында өткен XІІІ қалалық «Жұлдызды жол» интеллектуалдық олимпиадасының Бас жүлде иегері болған балабақшаларының меңгерушілері мен І дәрежелі диплом иегері атанған тәрбиешілерді марапаттау мақсатында Нұр-Сұлтан қаласы №65 «Бал бала» балабақшасының базасында кәсіби әңгіме – сұхбат ұйымдастырды.
Балаларды мектепке дайындау жоспары аясында олардың шығармашылық қабілетін және интеллектуалды іс-әрекетке қызығушылығын дамыту мен анықтауға бағытталған Олимпиадаға 89 Нұр-Сұлтан қаласы мектепке дейінгі білім беру мекемелерінен барлығы 126 тәрбиеленуші, оның ішінде, мемлекеттік тілде тәрбиеленіп, оқып жатқан - 79, орыс тілінде - 47 тәрбиеленуші қатысқан.
Баланың жан дүниесін терең танып, зерделі баланы тәрбиелеуде жүйелі жұмыс арқылы жоғары нәтижеге жеткен тәрбиешілерді
кәсіби әңгіме-сұхбат алаңында қарсы алдық.
Халықаралық балаларды қорғау мерекесі қарсаңында ұйымдастырылған шараны арнайы қонаққа шақырылған Нұр-Сұлтан қаласындағы №1 балалар музыка мектебінің кішкентай вокалистері ретро ән-шашумен ашты.Білім негізінің іргетасы бастауышта қаланады десек те, тәрбие мен білім өзегі – балабақшадан бастау алады. Тәрбиенің тал бесігі – балабақша.
Осы орайда қатысушылар білікті маман, жақсы тәрбиеші баланың көзқарасымен қандай болуы керек деген ой-толғау төңірегінде ұсынылған бейне роликті тамашалап пікірлерін ортаға салды. Сонымен қатар ерекше күш-қуатты қажет ететін мамандық иелерімен орталықтың психологі А.К. Исабекова тренинг өткізіп позитивті көңіл-күй сыйлады.
Бала тәрбиесінің алғашқы алтын қазығы – жанұясы десек, адамның әдептілігі мен жан-дүниесінің сұлулығы ең алдымен балаға ақ сүтін беріп, әлпештеп өсірген ана жүрегінің жылуынан басталады. Бала бойындағы ең жақсы қасиеттер де ең алдымен анадан тарайды. Бұл тақырыпта қатысушы аудитория отбасы мен жұмыс одағын қалай үйлестіріп жүрген құпияларымен бөлісті. Кезек Ана туралы әнге беріліп, әні мен сөзін өзі жазып, өзі орындайтын шығармашыл жан, «Астана дарыны» журналының редакторы Жадыра Ергалиевнаның орындауында барлық аналарға арналып «Анажан» әні шырқалды.
Кәсіби әңгіме –сұхбат тәрбиешілердің «Жұлдыз сәті» марапаттаумен жалғасты. Тәрбиеленушілері XІІІ қалалық «Жұлдызды жол» интеллектуалдық олимпиадасының Бас жүлде иегері болған №39 «Меруерт» (Л.М.Искакова), №8 «Думан» (З.Р.Дюсембина), №89 «Қыз Жібек» (С.К.Атаканова) балабақшасының меңгерушілерін және І дәрежелі диплом иегерлерінің 23 тәрбиешісін (№39 «Меруерт», № 89 «Қыз Жібек», №32 «Балдәурен», №34 «Ақ бидай», №37 «Арман», №38 «Шаттық», №49 «Алтынай», №65 «Бал бала», №71 «Мөлдір», №8 "Думан"(2), №1 "Бәйтерек", №4 "Аружан", №14 "Ақбөпе", №27«Балауса», №33 «Алтын дән», №35 «Ертегі», №53 «Мерей»,№81 «Әсемгүл», №85 «Мейіржан», ҚР ПІБ МО «Қарлығаш-3», №64 «Асыл бөбек»(2)) «Астана дарыны» ДДжПСО директоры М.Құрманбаева Алғыс хатпен марапаттап, қалалық Білім қызметкерлерінің «Әділет» кәсіподағының төрайымы Б.Наурузбаева сыйлық сертификаттарын табыстады.
Күн бұрын ғана балабақшамен қоштасу ертеңгілігін ұйымдастырған №65 «Бал бала» балабақшасының (меңгерушісі Г.Диханбаева) сәнді безендірілген музыка залында әсерлі шара осы ұжымның мамандарының қодауымен өтіп, риза болған қатысушылар Ұстаздардың әнұранына айналған «Ұстазым менің, Ұстазым» әнін бірге айтып тарқады.
-
Фотографии
-