АТҚАРУ КОМИТЕТІНІҢ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ
Жамбыл облысы білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының төрағасы Ерұлан Мағзымбековтың төрағалығымен облыстық кәсіподақ ұйымының Атқару комитетінің отырысы өтті. Кәсіподақ үйінің мәжіліс залында өткен шараға Атқару комитетінің мүшелері, Кәсіподақ филиалдары мен тікелей бағыныстағы құрылымдық бөлімше жетекшілері, аймақтық құқықтық инспекторлар қатысты.
Кәсіподақ төрағасы Ерұлан Мағзымбеков Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлерінің Кәсіподағы Салалық Кеңесінің кезекті Атқару комитеті отырысында қабылданған шешімдермен таныстырып өткесін, Кәсіподақ құрылтайшылығындағы шағын кәсіпорындар - «Тараз-Профсоюз-Турист» пен «Қорғау-Тараз-2005» ЖШС-нің 2018 жылғы қаржы-шаруашылық қызметтері туралы есептері берілді. Сондай-ақ, Атқару комитеті Жуалы және Т.Рысқұлов аудандары бойынша құқықтық кәсіподақтық еңбек инспекторларының сала қызметкерлері-кәсіподақ мүшелерін құқықтық қорғау жұмысын ұйымдастыру жағдайы туралы сұрақты қарады.
Т.Рысқұлов ауданы бойынша Кәсіподақтың аймақтық құқықтық еңбек инспекторы Т.Оразбаевтың тарапынан 2018 жылы 70 тексеріс жүргізілген. Аталған тексерулердің қорытындысы бойынша барлығы 162 заңбұзушылық анықталған. Есептік кезеңде экономикалық тиімділік 5 792 116 теңгені құраған. Яғни, бұл кәсіподақ мүшелерінің жалақысынан заңсыз ұсталынған ұсталымдар мен төленбей қалған айлық жалақыларының айырмасы. Ал Г.Орымбаеваның тарапынан Жуалы ауданы бойынша 49 тексеру жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде 212 құқық бұзушылық анықталған. Есептік кезеңде 34 жазбаша өтініш түскен. 2018 жылдың мамыр айынан бүгінгі күнге дейін экономикалық тиімділік 3387 797 теңгені құраған.
Бұдан бөлек Атқару комитетінде Кәсіподақтың Сарысу, Қордай аудандық филиалының мүшелік ұйымдарындағы Өндірістік Кеңестер мен техникалық инспекторлардың жұмысын ұйымдастыру мен үйлестіру тәжірибесі туралы сұрақ қаралды. Нәтижесінде аудандық ұйымдардың осы сұрақ аясында атқарған жұмысы мен нәтижелі қызметінің оң тұстары назарға алынып, өзге құрылымдық бөлімшелерде тиісінше тәжірибеге енгізу ұсынылып, ал бұл бағыттағы кемшілік тұстарын жетілдіре түсу тапсырылды.
Жиын соңында Атқару комитеті Қаулы қабылдап, оған сәйкес кәсіподақтың облыстық ұйымы мен құрылымдық бөлімшелерінің штаттық кестесін нақтылау мен бекіту, сала қызметкерлері-кәсіподақ мүшелері мен олардың отбасы өкілдерін 2019 жылға арналған сауықтыру шараларымен қамту сынды міндеттемелер жүктелді.
Перизат БАҚЫТ
-
Фотографии
-