ЖҰМЫС ІСТЕЙТІН ШАҚ КЕЛДІ...
Ағымдағы жылдың 30 мамыры күні Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат Таспихов Амангелді Сатыбалдыұлының Атырау облысындағы сайлаушыларымен кездесуі өте жоғары ұйымдасқан дәрежеде өтті. Тұрғындар қалашығында орналасқан Құрманғазы мәдениет үйіне президенттікке үміткермен жүздесуге аймақтағы кәсіподақ қозғалысының ардагерлері, білім саласы кәсіподақ ұйымдарының жетекшілері мен кандидаттың сенімді өкілдері, ЖОО-ның, колледжілердің педагогтері және «Келешек» жастар ұйымының белсенділері келді.
Кездесу шымылдығы облыс жастарының сайлау науқанына арналған флешмобымен ашылды.
– Қазақта «бір адам таққа отырса, отыз адам атқа қонады» деген аталы сөзі бар, соны бүгін айқын сезініп отырмын, – деп бастады сөзін Амангелді Сатыбалдыұлы жиналған зал толы жұртшылыққа қарап. Одан әрі Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидат өзінің сайлауалды тұғырнамаларымен кеңірек таныстырды. Үміткердің сөзінде білім саалсындағы сансыз реформалар сыналып, оқу министрлерінің жиі ауысатындығы, педагогтерге лайықты еңбекке ақы төлеу, шәкірт тәрбиесі туралы ой-пікірлері өрбіді. Сайлаушылармен болған жиналыста келесі сөз алған Мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіподағының төрағасы, кандидаттың сенімді өкілі Жақыпов Мирболат Хабиұлы өз әріптесінің өмірлік еңбек жолына кеңірек тоқталды. Атап айтқанда, Амангелді Сатыбалдыұлының мектепте оқып жүргенде техника мен нақты ғылымдарға қызығушылығы басым болғандығы. Білімге деген құштарлық озат шәкіртті дарынды балаларға арналған республикалық физика-математика мектебіне түсуге жетеледі. Студенттік шақтарда өз тобының алды болды. «Оның бойындағы іскерлік, ұйымдастырушылық қасиеттер студенттік шақта кәсіподақ көшбасшысы ретінде толық ашылды», – деп одан әрі естеліктерімен бөлісті.
Кездесуде сөз алғандардың қатарында Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің магистранты Гүлдана Ертүгел жиналған дүйім жұртты сайлауға ұйымшылдықпен қатысып, кәсіподақтан сайысқа түскелі отырған үміткерге қолдау көрсетуге үн тастады.
Жиналыс соңында сайлауалды штабтың атынан А.С. Таспихов өзіне көрсетілген қошаметке шын ризашылдығын білдіре отырып, бір топ белсенділерге «Алғыс хат» тапсырды. Кездесу соңы жастардың патриоттық ән-күйіне ұласты.
Орынгүл МАХМУДОВА, «Ұстаздық еңбек»
-
Фотографии
-