Ерлік – тәрбие жемісі
«Соғысты көрмеген адамның соғыс туралы ләм деуге құқығы жоқ», демекші отты жылдарда тобықтан қан кешіп Отаным деп кеудесін отқа тосқан ұстаз – ардагерлерімізді ұлықтау – біздің басты парызымыз.
Ұлы отан соғысының аяқталғанына 74 жыл. Қаншама қандастарымыз отан үшін жанын қиды. 50 миллионнан астам өмірді жалмаған соңғы соғыс кімге керек болды...
Таң алдында тәтті ұйқыда жатқан Отанымыздың шекарасынан ұрланып өткен жау оғымен адам баласының тарихында болмаған соғысты бастады. Майдан даласынан 394 мың қазақ боздақтары қайтпай қалды. Бұл соғыста қайғы – қасірет тарпаған бірде бір отбасы болмады. Бірінің әкесі, бірінің ағасы қаза тапты. Жас боздақтардың қыршын жасы қиылды. Соғыстың зардабы – үлкен қасірет. Сондықтан адамзатқа, әрқашан соғысты тоқтататын жеңіс керек. Жеңіс сонысымен қымбат. Батырларымыз 1418 күн мен түн қан кешіп, кейінгі ұрпаққа тыныштық әкелгені үшін қасиетті. Жеңіс өздігінен келген жоқ, оны елі, жері үшін отқа түскен ерлер ерлігі жеткізді. Қанды қырғынға 1,3 миллион ұлмен қыз аттанды. Бәрі де жанқиярлықпен соғысты. 500 – дей адам елге батыр атанып, аңызға айналып оралды. Отанын жаудан қорғау үшін көп ұлтты кеңес халқының ішінде қазақ халқы ерекше ерліктерімен жауға қарсы тұрды. Солардың бірі бүгінгі таңда аңыз қарияға айналған біздің ұстаз – ардагерлеріміз Абдулла Ирисметов, Әбдіжаппар Дайрабаев, Ергеш Ташметовтер.
Жыл сайынғы дәстүріміз бойынша ардагерлерімізді ардақтап, олардың ерліктерін ұлықтап заттай, қаржылай сыйлықтарымызды ұсынып сұхбаттасып қайттық. Ардагерлерімізді ардақтау арқылы өскелең ұрпақтың болашағын қамтып, патриоттық тәрбиенің негізін қалыптастыруда өнеге бола білдік.
Қарияларымыздың әрқайсысы бір дастан, бір тарих. Жасы ұлғайсада қажымай, жігерлері жасымай өткен жолдарын әңгімелеген қарияларымыздың естеліктерін тыңдадық. Майданнан оралған біздің жеңімпаз батырларымыз қаруларын қаламға айырбастап, бала тәрбиесіне, біліміне ден қойған қайсар азаматтар. Үлгілі ұстаздар! Бігінгі таңда абзал ақсақалдар! «Ер есімі ел есінде мәңгі сақталады» деген осы емес пе? Дендеріңіз сау болып, келер жылға аман – есен жетіңіздер. Біз Сіздермен мақтанамыз!
Түркістан қалалық білім және ғылым қызметкерлері
кәсіподақ комитетінің маманы М.Кенжебаева
-
Фотографии
-