«Creative» облыстық жас педагогтар форумы
Саналы ұрпақ, білімді азамат, қоғамға лайық тұлға қалыптастыру – педагогтардың еншісінде екені белгілі. Еңсесі биік егеменді еліміздің болашақ ұрпағына білім мен тәрбие нәрін ұялатқан ұстаздар қауымы қай кезде болмасын қоғамның жаңашыл идеясын қолдаушы бірден-бір тұлға. Мемлекеттік саясатты ұрпақ тәрбиесіне сіңіре отырып, келешек қоғам негізін қалыптастырушы да ұстаздар.
Жастар жылы жарияланған уақыттан бастап, барлық аудан, қала білім қызметкерлері кәсіподақ комитетінің жанынан құрылған «Жас қанат», «Жас орда», «Жалын», «Сырдария», «Жас толқын», «Самғау», «Жаңа толқын», «Серпін» сияқты Жастар кеңестерінің эстафетасы ұйымдастырылып, аудандық, қалалық деңгейде форум өтті.
Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағы Қызылорда облыстық комитетінің ұйымдастыруымен «Creative» облыстық жас педагогтар форумы өткізілді. Форумның секция жұмысы «Табысқа жетелейтін идеялар» және «Online Times» әлеуметтік желінің психологиясы тақырыбына сай өрбіді.
Форумның пленарлық кезеңінде облыстық жастар кеңесінің төрайымы Жанар Сағындықованың «Кәсіподақ жастары: өзін-өзі жетілдіру, инновациялар, шығармашылық» тақырыбында атқарылған жұмыстар есебі тыңдалды.
Облысымыздың көшбасшы жастарымыздың бірі, Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы және Л.Гумилев атындағы ұлттық университетінің ұйымдастыруымен өткен «Жастық шақ көк семсердің жүзі емес пе?..» республикалық жас ақындар айтысының жүлдегері №3 IT мектеп-гимназиясының мұғалімі Ержеңіс Әбді шығармашылық ойларымен бөлісіп, айтыстағы педагог мәртебесін көтеру туралы өлеңдерін оқып берді.
Қазіргі таңда талантты жастарды қолдау, өнер, білім арқылы жастардың санасында жаңа позитивті образ қалыптастыру маңызды екені белгілі. Үш тілді жетік меңгерген жас ұстаз, Сырдария ауданы №35 мектеп мұғалімі Айдана Жакеева жастарға деген жалынды пікірін үш тілде жеткізді.
Білім мен шығармашылықты тең ұстап, республикалық «Zhas Project» гранттық жобасының жеңімпазы атанған, Қазалы ауданы №103 мектебінің мұғалімі Жаннат Ержігітова «Жетістікке жету жолы» тақырыбында тәжірибесімен бөлісті.
Облыстық «Жас Отан» Жастар қанатының төрағасы Талғат Тілес облыста жастармен атқарылған жұмыстарға тоқталып өтсе, «БАҚ және Педагог» онлайн курстарының авторы Жасұлан Жақыпов биылғы жылдың бәсекеге төтеп бере алатын, өзіне деген сенімі нық жастарға қолдау жасап, олардың мықты әлеуетін ел игілігіне жарататын жыл екенін айтып, жастарды белсенділікке шақырды.
Форумда келелі ойлар айтылып, жастарға жаңа бағыт бағдар беріп, еңбектен қорықпаған жастың болашағы әрдайым биік болатынын айтып, жастарды еңбекке шақырып, бірқатар жас ұстаздарды, кәсіподақ көшбасшыларын облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Талғат Маханов Алғыс хатпен, облыстық білім басқармасының басшысы Майра Мелдебекова облыстық білім басқармасы және кәсіподақ комитетінің бірлескен Құрмет грамотасымен, облыстық кәсіподақтар орталығының төрағасы Серік Сермағанбетов Құрмет Грамотасымен және облыстық кәсіподақ комитетінің төрайымы Райкүл Байназарова Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағының Құрмет Грамотасымен марапаттап, Астана қаласына туристтік саяхатқа жолдама табыстады.
Форум аясында «Мамандығым – мақтанышым», «Мамандық таңдау – болашақты таңдау», «XXI ғасыр мұғалімі» облыстық эссе байқауының жеңімпаздары арнайы дипломдармен марапатталып, бағалы сыйлықтар табысталды.
Шарада Жастар кеңесінің кәсіподақ белсенділері патриоттық рухтағы көріністерін қойып, рухани үндестік пен биік межеге талпынатынын жеткізді.
«Creative» облыстық жас педагогтар форумының
ҮНДЕУІ
Біз, форумға қатысушылар, салалық кәсіподақ жастар қанатының белсенді жас ұстаздары, аймағымыздың барлық жалынды жастарына Үндеу жолдаймыз.
Біз, жастар, тұрақтылық пен бейбітшілік орнаған елде тиісті білім алып, еңбек етіп келеміз. Мемлекетіміз сонау Тәуелсіздіктің алғашқы қиыншылықтарына қарамастан қолда бар мүмкіндікті жастардың болашағына, олардың жаңа қоғамның жаңа адамы болып қалыптасуына арнады, бүгін де осы ұстаным жалғасын тауып келеді. Алдымызда одан да зор мүмкіндіктер тұр. Осыны бағалай, түсіне білейік!
Сыр ұстаздары, бүгінгі жаһандық өзгерістерге бейім, ұлттық және ғаламдық ізгі құндылықтарды бойға сіңіре білген, құқықтық, діни сауатты, қоғамды кері тартатын келеңсіздіктердің қай түріне болса да төзбейтін, сөзімізбен, ойымызбен, ісімізбен еліміздің нағыз патриоты болайық!
Сыр жастары, алдағы Президент сайлауы – ел тағдырының жаңа кезеңінің жауапты сәті болмақ. Өз дамуының қай кезеңінде болмасын, халқымыз бір мақсат, ортақ мүдде жолында үнемі өз тұрақтылығы мен бірлігін танытып келген. Міне, бабалардан қалған осы жол бүгін де біз үшін өшпес өнеге, нағыз дұрыс жол таңдауға шақырамыз.
Біз, бойында жалыны бар, Жас ұстаздар- Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің тамырын тереңдетіп, тұғырын биіктетіп, халық мүддесін бірінші орынға қоятын, қазақ елінің атын күллі әлемге паш ететін,білімді, парасатты, елжанды шәкірттер тәрбиелеуге бар күшімізді салуымыз қажет!
Барша облыс ұстаздарын, Тәуелсіз Қазақстанның даму жолында адал еңбек етіп, ұстаз мәртебесін арттыруға шақырамыз!
Алға, Қазақстан! Алға, жастар!
Қызылорда қаласы
30.04.2019 жыл
Гүлнар ЕСКАЛИЕВА,
Қызылорда облыстық білім және ғылым
қызметкерлерінің кәсіподағы
төрайымының орынбасары
-
Фотографии
-