ТӘУЕЛСІЗ ЕЛДІҢ СПОРТ СҮЙЕР ҰСТАЗДАРЫ» спартакиадасы мәресіне жетті
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан-2050» стратегиялық бағдарламасыныңсаламаттыөмір салтын қалыптастыру мен насихаттау бөлігіндегі басымдықтарын жүзеге асыру, еңбек адамдары-кәсіподақ мүшелері арасында дене тәрбиесі және спортпен жүйелі түрде айналысуды қалыптастыру, кәсіподақ ұйымдары арасында шынайы бәсекелестікті дамыту мен кәсіподақ мүшелігімен қамтуға ынталандыру мақсатында «Тәуелсіз елдің спорт сүйер ұстаздары» атты білім және ғылым мекемелері мен ұйымдары қызметкерлері арасындағы VIІІ облыстық спартакиадасы 2019 жылдың 26-27 сәуір күндері өтті.
Биылғы Жастар жылы мен Жамбыл облысының құрылуының 80 жылдық мерейтойына арналған спорт мерекесінде облыстық білім басқармасының басшысы Рахия Тұрмаханбетова мен облыстық білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының төрағасы Ерұлан Мағзымбеков спорттың адам денсаулығана тигізер пайдасы мен халықты бұқаралық спортпен шұғылдануға баулыған іс-шараның маңыздылығына тоқталып, спартакиаданың сәтті өтуіне тілектестіктерін білдірді.
Спартакиадаға қатысқан барлық 10 ауданның ұстаздар командасы, Тараз қаласы мектептерінің ұстаздары мен облыстық білім басқармасына қарасты білім мекемелері ұстаздарынан құралған командалар, М.Х.Дулати атындағы ТарМУ-нің, ТарМПУ-нің және Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің профессор-оқытушылар құрамынан жасақталған ғалымдар командасы ережеге сай 9 спорт түрі бойынша 2 күн бойы бәсекеге түсті. Барлық спорт түрлерін қоса есептегенде облысымыздағы білім және ғылым саласының 800-ге жуық кәсіподақ мүшелері армрестлинг, гір тасын көтеру, жеңіл атлетика, үстел теннисі, кіші футбол, волейбол, тоғызқұмалақ, бильярд және асық атудан өзара мықтыны анықтады. Айта кету керек, спорттың асық ату түрі биылғы спартакиада бағдарламасына алғашқы рет еніп отыр. Ерлер асық атудан сайысса, әйелдер ежелгі ұлттық ойынымыз – шекемтас бойынша сүйек иіріп, ептілік пен шапшаңдықтың үлгісін көрсетті.
Бұқаралық спорттың осынау үлкен мерекесіне айналған спартакиада игі дәстүрдің облыста өз жалғасын тапқанын және оның әлі де жалғаса беретінін, кәсіподақ мүшелерінің қызу қолдауының арқасында ауқымы кеңейіп, дами түсетінін көрсетті. Бұлай айтуымыздың себебі, алғашқы спартакиада «Денсаулық жылы» аясында 2002 жылы Тараз қаласының 2000-жылдығына орай ұйымдастырылған болатын. Облыстық спартакиадаға дейін барлық аудандар мен Тараз қаласында іріктеу кезеңдері өтіп, онда үздіктер анықталып, осы облыстық кезеңге жолдаманы сарапқа салған болатын. Жалпы осы спорттық шара аясында аймақтардағы іріктеу кезеңдерін қоса есептегенде орта есеппен 10 мыңға жуық білім және ғылым саласының өкілі-кәсіподақ мүшелері бұқаралық шарамен қамтылды.
Сайысқа сақадай сай келген ұстаздар мен ғалымдардың құрамаларына облысымызға танымал спорт шеберлерінен: Халықаралық дәрежедегі төрешілер, ҚР спорт қайраткерлері, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушылардан құралған қазылар алқасы төрелік етті. Өз кезегінде спартакиада қатысушылары мен олардың жанкүйерлері жеңіске деген құлшынысымен, жігерлі ойындарымен, қайраттылығымен ерекшеленіп, ептілік пен икемділіктің, шапшаңдық пен ширақтылықтың үлгісін көрсетті.
Спартакиада нәтижесі бойынша І орынды Кәсіподақтың Тараз қалалық комитеті иеленді. Тараздық ұстаздар әйелдер арасында жеңіл атлетикадан, үстел теннисінен үздік шықса, ерлер арасында кіші футбол мен волейболдан, армрестлингтен алдарына жан салмады. Екінші орынды жақсы нәтижелер көрсеткен Меркі ауданының ұстаздары иеленсе, Шу ауданының ұстаздары үздік үштіктің қатарынан көрінді.
Қорытынды бойынша Қордайлық спортшылар «Үздік спорттық киім» номинациясымен марапатталды. Ал жекелей және командалық ойын түрлері бойынша жеңімпаз болған барлық спортшыларға Алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтар табыс етілді.
Осылайша 2 күнге созылған спартакиада барысында мақсатшыл ұстаздар ұлт болашағына үлгі-өнеге бола отырып, саламатты өмір салтын ұстанудың озық үлгісін паш етті.
Бейбіт АРМАНҰЛЫ,ЖАМБЫЛ облысы
-
Фотографии
-