ТАҒЫЛЫМДЫ ШАРА ӨТТІ
Ағымдағы жылдың 14 сәуір күні Атырау қаласы маңындағы «Құлагер» демалыс орнында «Ұлы даланың ұлттық ойындары мен дәстүрлері» атты спорттық жарыс өтті. Облыс орталығындағы 8 колледж және 2 жоғарғы оқу орындарының ұстаздары мен студенттері қатынасқан шараның мақсаты – жастар арасында патриоттық сезімді қалыптастырып, өз Отанына, туған елге, жерге деген сүйіспеншіліктерін арттыру еді. Міне, осы мақсатта студенттер мен ұстаздар өзара топқа бөлініп асық ойнау, қол күрес, аттан аударыспақ, қазақша күрес, арқан тарту, гір тасын көтеруден сынға түсті.
Жарысқа қатысушыларға аймаққа есімдері танымал мемлекет, кәсіподақ қызметінің ардагерлері Б.Ж. Таубаев, С.С. Алпатанов, А. Батырқайыров, «Елсана» патриоттық клубының басшысы Н. Ермұханов, «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Атырау облыстық ұйымы» ҚБ төрағасы Қ.Сүндетұлы бата-тілектерін білдірді.
Орынгүл МАХМУДОВА,
«Ұстаздық еңбек»