Кәсіподақ – қолдаушым!
Кәсіподақ – қай қоғамда, қай мемлекетте болмасын еңбек адамының ең бірінші қорғаны. Қорғаны деген сөздің ауқымы кең. Еңбек құқығымыз құжаттармен реттелгенімен, оның сыртында адамның кәсібіне құлшынысын арттырып, ынталандырып отыратын кәсіподақ ұйымының ролі күн санап күшейіп келеді. Ұжымдағы еңбек адамының құқығын, мүддесін қорғайтын кәсіподақ ұйымының маңызы зор. Әсіресе, ол ұйым бір ауданның өзінде жүздеген қызметкердің басын біріктіретін ең үлкен сала болса, онда ол ұжымда жұмыс ауқымы да, орын алатын мәселелер де көп болары сөзсіз. Әсіресе, білім саласында. Қуанышымызды еселеп, қайғымызды бөлісіп, мұңымызды тыңдап, сырқатқа қол ұшын созып, талай игілікті іске ұйытқы болып отырған білім саласында еңбек ететін қызметкерлердің кәсіподақ ұйымы дәстүрлі түрде мұғалімдердің демалуы мен ем алуына мән беріп келеді. Биыл да оқушылардың көктемгі каникулы кезінде Кербез Көкше жеріне, «Щучинск» шипажайына, Ақтөбе облысынан 50 мұғалім емделу мүмкіндігіне ие болды. Мен де сол әріптестерімнің бірі болғаныма қуанамын. Өйткені, еңбек еленуі тек төленген еңбекақымен есептелмесе керек. Көкшенің табиғатынан алған әсерім бөлек әңгіме. Мен үшін бұл материалдық мүмкіндіктен бұрын кәсіподақтың мұғалімдерді рухани қолдауы. Әрине, алған емім мен естен кетпес естелікке толы демалысым өзімнің мамандығыма деген ынтамды арттырып, жаңа күш-жігер сыйлады. Көкше жерінде демалған білім саласында өздерінің мүмкіндіктерінше жетістіктерге жеткен барлық жастардың көніл күйлерінің асқақтығы мен керемет табиғаттан алған әсеріне сөз жоқ. Ақтөбе облыстық кәсіподақ ұйымына, Ойыл аудандық кәсіподақ ұйымына Ойыл жастары атынан ұстаз еңбегін бағалағандарына алғысымыз шексіз.
Ақтөбе облысы, Ойыл ауданы, Теректі негізгі мектебінің жас маманы Жұмабаева Гүлсім