ЕҢБЕК ҚАУІПСІЗДІГІ МЕН ЕҢБЕКТІ ҚОРҒАУҒА АРНАЛҒАН СЕМИНАР ӨТТІ
Кәсіподақтың Жамбыл облыстық ұйымының Сарысу аудандық комитетінің ұйымдастыруымен «Білім беру ұйымдарындағы еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі Өндірістік кеңес жұмысы» тақырыбында семинар өтті. Семинарға Өндірістік кеңес төрағалары, бастауыш кәсіподақ комитетінің төрағалары және еңбекті қорғау жөніндегі техникалық инспекторлар қатысты.
Кәсіподақтың Сарысу аудандық Филиалының төрайымы Гүлмира Сұлтанбекова семинарды ашып, ұйымдағы Өндірістік кеңестің атқаратын жұмысы заң нормаларына сәйкес құрылатындығын және ол жұмыстың дұрыс ұйымдастырылу барысы туралы айтып өтті. Әйтеке би атындағы орта мектебінің еңбекті қорғау жөніндегі техникалық инспекторы Аманғали Икежанов, Ш.Уалиханов атындағы мектеп-гимназиясының еңбекті қорғау жөніндегі техникалық инспекторы Лариса Стрельченко мен Абылай хан атындағы мектеп-лицейінің еңбекті қорғау жөніндегі техникалық инспекторы Гүлнәр Темиртаева ұйымдардағы еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі Өндірістік кеңесті құру, Өндірістік кеңестің қабылдайтын шешімдері, жұмыс барысында қаңдай заң нормалары басшылыққа алынатындығы және жұмыс беруші мен қызметкерлер арасында жасалатын нұсқамалар мен оларды тіркеу журналдарын слайд арқылы көрсетіп, түсіндіріп, өз тәжірибелерімен бөлісті.
Семинар барысында аудандық құқықтық инспектор Мәулен Әбдіров те модераторлық жасап, басшылыққа алынатын нормативтік құқықтық актілер мен заңдарға жеке-жеке тоқталды. Тыңдаушылардың білімін бекіту мақсатында Өндірістік кеңес мүшелеріне тест сұрақтары таратылып, кері байланыс жұмыстары жүргізілді. Барлық қатысушыларға басшылыққа алынатын қажетті заң нормалары, ережелер және бұйрық жобалары жинақталған кітапшалар таратылды. Семинар соңы сұрақ-жауап сағатымен аяқталды.
Перизат БАҚЫТ
-
Фотографии
-