КӘСІПОДАҚ ӨКІЛДЕРІНІҢ САПАРЫ
Ағымдағы жылдың 3 сәуірі күні «Атырау облысы Кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы І.Ұ. Баймұханов пен «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Атырау облыстық ұйымы» ҚБ төрағасы Қ.Сүндетұлы Индер ауданында болып, ауданның бірқатар өндірістік және бюджеттік мекемелерімен кездесу өткізді. Жамбыл орта мектебінде болған жүздесуде ұжым басшысы М.Т. Сабирова сөз сөйлеп селодағы 3 мектеп, 2 балабақша және аурухана қызметкерлері үшін айлық жалақыларын мезгілде ала алмауы (банкоматттың жоқтығы), жоғары дәрежелі маман дәрігердің жоқтығы, педагогтарға тиесілі коммуналдық төлемдердің кешіктірілуіне алаңдаушылық білдірді. Сондай-ақ, 2016 жылдан мектепке берілген 70 орындық жатақхана жұмысында да шешілмеген мәселелер барлығына тоқтала кетті. Кездесуде «НұрОтан» партиясы Индер аудандық филиалы төрағасының І орынбасары Ө.Т. Оразғалиев, Есбол селолық округінің әкімі Е.Сабыров, облыстық мәслихат депутаты С.Құлғалиев, ұстаз Б.Досқалиев және басқалары сөз сөйлеп, тұрғындартарапынан болған бірқатар ұсыныс-пікірлердің оң шешімі табылатынына сенім білдірді.
Сол күні кәсіподақ өкілдерін Индер ауданының әкімі М.Ж. Қалауи қабылдап, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы өзара ынтымақтастықта әңгіме өрбітті.
Орынгүл МАХМУДОВА, «Ұстаздық еңбек»