ҚОРДАЙ АУДАНЫНДА ӨТКЕН КӘСІПОДАҚТЫҢ КӨШПЕЛІ СЕМИНАРЫ
Жамбыл облысының білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының оқу жоспарына сәйкес 2019 жылғы 28 наурыз күні Кәсіподақтың Қордай аудандық филиалының бастауыш ұйым жетекшілері, кәсіподақ үйірмелерінің модераторларына арналған кәсіподақтық оқыту семинары өтті.
Семинар барысында еңбек және салалық заңдылықтардағы өзгерістер мен түйткілдер, 2018-2020 жылдарға әлеуметтік әріптестік актілерінің тәжірибеде қолдану сұрақтары талқыланып, Кәсіподақтың жарғылық мақсат-міндеттерін жүзеге асыру мәселелері қаралды.
Атап айтқанда, Еңбек және салалық заңнама мен әлеуметтік әріптестік актілерінің тәжірибеде қолданылуы; Еңбек қатынастарына байланысты білім және ғылым саласындағы ҚР заңдарындағы өзгерістер мен толықтырулар туралы төраға орынбасары Берік Баймағамбетов, ал білім саласындағы педагогикалық қызметкерлер мен азаматтық қызметшілердің аттестациясы туралы Біріккен комитет төрағасы Жанболат Орынбеков, білім беру жүйесіндегі еңбекақы мәселесі сұрағы бойынша Кәсіподақ маманы Әлия Джолшибекова ақпарат беріп өтті. Сондай-ақ, Кәсіподақтағы ақпараттық саясат пен PR кампания туралы «Еңбекші» газетінің бас редакторы Бейбіт Бекназаров тренинг өткізіп, салалық БАҚ құралдары: газетке, сайтқа материал дайындау, әлеуметтік желілерді сауатты жүргізу сынды тақырыптар бойынша білгенімен бөлісті.
Семинар соңында барлық модераторлар тыңдаушылардың еңбек заңнамасына байланысты сұрақтарына жауап беріп, Кәсіподақ төрағасы Ерұлан Мағзымбеков қатысушыларға сертификаттар табыстады.
Перизат БАҚЫТ,
ЖАМБЫЛ облысы, ҚОРДАЙ ауданы
-
Фотографии
-