ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫНДАҒЫ КЕЗЕКТІ КӨШПЕЛІ СЕМИНАР
Жамбыл облысы білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының Байзақ аудандық комитетінің ұйымдастыруымен «Әлеуметтік әріптестікті ұйымдастыру және ұжымшарттық қатынастарды жетілдіру жұмысының тәжірибесі туралы» тақырыбында облыстық семинар өтті.
Байзақ ауданындағы Ғани Мұратбаев мектебінің базасында өткен семинарға Кәсіподақтың филиал жетекшілері мен аймақтық құқықтық инспекторлар, білім беру мекемелерінің басшылары мен бастауыш кәсіподақ ұйымының жетекшілері қатысты.
Аудандағы сала қызметкерлерінің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғаудағы әлеуметтік әріптестіктің алатын орны мен қабылданатын ұжымдық шарттардың маңыздылығы туралы Кәсіподақтың Байзақ аудандық комитетінің төрағасы Елнұрбек Ермековтың баяндамасынан кейін семинар қатысушылары 4 топқа бөлініп, күн тәртібінде бекітілген сұрақтарды талқылады. Мәселен, алғашқы топ – «Білім беру мекемесі қызметкерлерінің айлық жалақысын есептеу негіздері, екінші топ – «Еңбек шарты. Еңбек қатынастарын рәсімдеу», үшінші топ – «Білім беру мекемесі қызметкерлерінің жұмыс уақыты мен демалыс уақыты», ал ақырғы топ – Келісу комиссиясы жұмысын ұйымдастыру тәжірибесі» тақырыптары бойынша дәріс тыңдап, пікір алмасты. Кәсіподақ үйірмелерінің модераторлары мен бастауыш кәсіподақ ұйымдарының жетекшілерінен құралған топ модераторлары алғашында әр тақырып бойынша түсініктеме беріп өтіп, екінші сағатта кері байланыс орната отырып арнайы сұрақтар, жағдаяттар, тест арқылы алған ақпараттарды бекіте түсті. Барлық семинар қатысушылары осылайша 4 тақырып бойынша білімдерін жетілдіріп, кейбір мәселелер бойынша әріптестерімен тәжірибе алмасып, сұрақтарға жауаптар алды.
Семинар басталмас бұрын заңгерлер мен кәсіподақтың құқықтық инспекторларынан жасақталған эксперттік топ мүшелері пікірлерін білдіріп, ұсыныстарын айтты. Заңнамалық түрде кейбір сұрақтарға түсініктеме беріп, оларды заң шеңберінде шешудің жолдарын көрсетті. Семинардың мазмұнды әрі нәтижелі өтуіне атсалысқан барлық белсенділерді кәсіподақ төрағасы Ерұлан Мағзымбеков Алғыс хатпен марапаттап, көшпелі аймақтық семинарларды өткізіп тұрудың артықшылықтарына тоқталып, осындай игі шаралар жалғаса беретінін айтты.
Перизат БАҚЫТ
-
Фотографии
-