Білім қызметкерлерінің аудандық «ХІІ - Наурыз шапағаты» жастар өнер фестивалі өтті
Аудандық білім бөлімі мен аудандық білім қызметкерлері кәсіподақ комитетінің ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «2019 жыл - Жастар жылы» деп белгіленуіне орай дәстүрлі білім қызметкерлерінің «Наурыз шапағаты» фестивалінің шеңберінде жас ұстаздардың өнерін халық арасында кеңінен насихаттау, олардың орындау шеберлік деңгейінің артуына ықпал жасау, музыкалық шығармашылықтың әртүрлі жанрларын дамыту мақсатында Қармақшы ауданында 5 аймақ бойынша үздік өнер көрсеткен 35 жасқа дейінгі білім қызметкерлерінің өнерпаздары іріктеліп, аудандық "ХII-Наурыз шапағаты" жастар өнер фестивалі 2019 жылдың 19 наурыз күні Шамшат Төлепова атындағы Қармақшы аудандық мәдениет үйінде өтті.
«Мұғалім мамандығы - барлық мамандықтың анасы» демекші, ұстаз алдынан тәрбие алмайтын жан жоқ. Ұстаздар қауымының тек қана білім айдынында ғана емес, өнер теңізінде де еркін жүзетін, қиындығы мен қызығы қатар жүретін ұлы еңбектен бақыт тапқан бағалы жандардың басын қосқан фестивальде Қармақшы аудан әкімінің орынбасары Еркебұлан Қайырбекұлы ұстаздарды құттықтады.
Бұл фестивальде жас ұстаздарымыз хор, ансамбль, вокал, квартет, трио, дуэт, жеке әншілер, әр түрлі халықтар және жастар билері жанрларында өздерін жан-жақты көрсете білді. Сонымен қатар, «Ұлы даланың жеті қыры» атты зал төрінен орын алған ашық көрме ұйымдастырылды. Білім қызметкерлерінің аудандық «Наурыз шапағаты» жастар өнер фестивалі қатысушы жас ұстаздарымызға «Наурыз шапағаты» өнер фестивалінің лауреат атағы берілді.
Осы фестивальді облыстан келген облыстық білім қызметкеркерлері кәсіподақ комитетінің төрайымы, облыстық мәслихат депутаты Байназарова Райкүл Мансурқызы және ҚР еңбегі сіңген әртісі, Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық колледжінің оқытушысы Қаракөз Ақдаулетова іріктеу жасап, ауданнан алты нөмерді 2019 жылы 28 наурыз күні өтетін облыстық «Наурыз шапағаты» өнер фестиваліне шақырды.
«Наурыз шапағаты» фестивалі аудандық мәдени өміріне үлкен серпіліс әкеліп, халықтық өнерді насихаттауға ерекше үлес қосты деп нық сеніммен айта аламыз.
Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы№21 «Тоғжан» балабақшасының
бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Ақбатырова Жазира
-
Фотографии
-