
КӘСІПОДАҚ МОДЕРАТОРЛАРЫНА АРНАЛҒАН СЕМИНАР
Кәсіподақтың Жамбыл облыстық ұйымының жергілікті кәсіподағының ұйымдастыруымен үйірме модераторларына арналған «Кәсіподақ үйірмесінің негізгі жұмыс бағыттары» тақырыбында семинар өтті.
Кәсіподақ төрағасы Ерұлан Мағзымбековтың алғы сөзінен кейін төраға орынбасары-құқықтық инспекция жетекшісі Берік Баймағамбетов Білім және ғылым саласындағы ҚР заңдарындағы өзгерістер мен толықтыруларға шолу жасап, «Педагог мәртебесі туралы» ҚР Заңының жобасы туралы әңгімеледі. Берік Әбенұлы заң жобасының соңғы нұсқасына тоқталып, кәсіподақ тарапынын ұсынған кейбір нормалар мемлекеттік органдармен келісу барысында алынып тасталынғанын, олардың көбісі әлеуметтік кепілдіктер көрсетілген нормалар екендігін айтты.
Семинар барысында «Білім саласындағы педагогикалық қызметкерлер мен азаматтық қызметшілердің аттестациясы» тақырыбында Біріккен комитеттің төрағасы Жанболат Орынбеков дәріс оқыды. Педагог қызметкерлерді аттестациядан өткізу қағидалары мен шарттарына енгізілген өзгерістер мен толықтырулар, мұғалімдердің біліктілік санатын көтеруге бағытталған жұмыстардың түрі, формасы, санат дәрежесін көтеретін мұғалімдердің кәсіптік деңгейіне мониторинг жүргізу, нәтижесін шығару және біліктілік санатына лайықтылығын анықтау сынды сұрақтар сараланды.
Сұрақ-жауап сағаты өтіп, заңгерлер барлық сұрақтарға жауап берді. Кейбір мәселелі сұрақтар «Еңбекші» газетінің бетінде алдағы күндері жарияланатын болды.
Перизат БАҚЫТ
-
Фотографии
-