
АТҚАРУ КОМИТЕТІНІҢ КЕЗЕКТІ ОТЫРЫСЫ
Жамбыл облысы білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының мәжіліс залында өткен кезекті Атқару комитетінің отырысын Кәсіподақ төрағасы Ерұлан Мағзымбеков ашып, жүргізіп отырды. Атқару комитетінің мүшелерін ҚР кәсіподақтар Федерациясының Бас кеңесі қабылдаған шешімдермен таныстырған төраға сол шешімдерді бірге жүзеге асыруға шақырды.
Жиында негізгі болып құқықтық еңбек инспекциясының 2018 жылғы жұмысының нәтижелері мен 2019 жылға арналған мақсат-міндеттері сұрағы қаралды. Есеп берген құқықтық қызмет басшысы Берік Баймағамбетов атқарылған жұмыстар туралы егжей-тегжейлі айтып, әр құқықтық инспектордың жұмысына жеке-жеке тоқталып өтті.
Былтырғы жылы кәсіподақтың құқықтық инспекторларымен 491 тексеру өткізіліп, 1564 еңбек заңдылығының бұзылу фактілері анықталған. Осы мерзім аралығында 489 жазбаша арыздар түсіп, 5852 ауызша консультация берілген, жеке қабылдауда 1830 кәсіподақ мүшесі болған. Инспекция заңгерлері сотқа 6 материал дайындап, өкілеттік еткен. Былтырғы жылы кәсіподақ заңгерлерінің пәрменімен заңсыз жұмыстан босатылған 11 кәсіподақ мүшесі жұмысқа қайта орналастырылған. Кәсіподақтың барлық қорғаушылық қызметтерінің нәтижесінде былтырғы жылғы экономикалық эффект 191 млн. теңгені құраған.
Алқалы жиын барысында сонымен бірге «Еңбек қорғау жөніндегі үздік техникалық инспектор» республикалық байқауы жөніндегі Ереже жобасы талқыланып, қабылданды. Сондай-ақ, комитет мүшелері алдағы сәуір айында дәстүрлі «Тәуелсіз елдің ұлағатты ұстаздары» атты білім қызметкерлерінің спартакиадасын өткізу туралы шешім қабылдады.
Перизат БАҚЫТ
-
Фотографии
-