Мәжіліс депутаттары мәртебемізді қолдады
«Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Қызылорда облыстық ұйымы» ҚБ ұйымдастыруымен үстіміздегі жылдың 07 ақпаны күні ҚР Парлементі Мәжілісінің депутаттары Мамыраев Бейбіт, Мұсырман Кәрібай, Дәулетбеков Нұрлан, Мәкен Бақтияр және Мурадов Ахмет Сыр өңіріне іссапар барысында ұстаздар қауымымен «Педагог мәртебесі туралы» ҚР Заң жобасын талқылау аясында кездесті.
Кездесуге Қызылорда қаласының әкім орынбасары А.Шахмарданұлы, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының төраға орынбасры Е.Байтілес қатысты.
Жиын модераторы облыстық кәсіподақ комитетінің төрайымы Р.Байназарова бүгінгі таңдағы қоғамда қызу талқыланып жатқан «Педагог мәртебесі туралы» ҚР Заң жобасының нұсқасымен таныстыра келе ҚР Парламент Мәжілісінің депутатарымен кездесуді үміт пен сенім арттыратын басқосу екенін атап өтті.
Өз сөзінде ҚР Парламенті Мәжілісінің әлеуметтік-мәдени даму комитетінің хатшысы, депутат Б.Мамыраев «Заң жобасының негізі практик ретінде Сіздердің талқылауларыңыздан өткенін қалаймын, себебі болашақта қабылданатын заң Сіздердің мәртебелеріңіз болғандықтан заң қабылдау кезінде мұғалімдердің ұсыныс-пікірі негізге алынады» - деп ой тұжырымдады.
Әрі қарай Қазақстан халқы Ассамблеясынан сайланған Парламент депутаты А.Мурадов «Ұлтты тәрбиелеуші –ұстаз»- деп «Педагог мәртебесі туралы» қабылданатын Заңның маңыздылығы мен мәртебесіне тоқталды.
Қазалы аудандық кәсіподақ комитетінің төрағасы Ә.Раман Заң жобасының 14 бабының 4 тармағында көрсетілген зейнеткерлікке 30 жылдық еңбек өтілімен шығу мүмкіндік құқы ұстаздарға өте қажет екенін білдірді. Осы кепілдік Парламентте Заң жобасын талқылану кезінде депутаттар тарапынан қолдау табуына күш салуларын сұрады.
Заң жобасына ұсыныс білдіруші жас маман Қызылорда қаласының №10 орта мектебінің Әбілқасымов Бақберген мектептерде ер мұғалімдер санының аздығын айта келіп, мектеп бітіруші түлектердің ішінен ер балаларды педагогика саласына тартуға мотивация механизмдерін енгізуін сұрады.
Қызылорда қаласындағы №3 мектеп-лицей директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Есімов Аманғали пән мұғалімінің өз мамандығы бойынша біліктілігін арттыру мерзімін мақұлдап, тәрбие жұмысымен айналысатын тәлімгер , психологтардың еңбекақысын көтеруді және сынып жетекшісін арнайы штат бірлігі ретінде енгізуі - заман талабы деп өз пікірін білдірді.
Сырдария аудандық кәсіподақ комитетінің төрағасы А.Есназар
Педагогтардың жалақыларын есептеу кезінде БЛА (базалық лауазымдық айлықақы 17697 теңге) орнына базалық әлеуметтік төлем үшін ең төменгі күнкөріс минимумы (29698 теңге) немесе жалақының ең төменгі мөлшерімен (42.500) есептелінуін сұрады. Білім беру саласының лауазымдық айлық ақыларын есептеуге арналған коэффициентін көтеру арқылы ҚР Үкіметінің 2015 жылғы 31 желтоқсандағы №1193 қаулысына өзгерістер енгізілсе»- деп өз ойын білдірді.
Жиынға қатысушы заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі Парламент Мәжілісінің депутаты Н.Дулатбеков және Парламент Мәжілісінің экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі депутат Б.Мәкен ұстаздардың еңбек ақысын көтеру үшін бүгінде қолданып отырған нормативтік негіздердің қайта қарау керек екенін қолдады және ұстаздардың осы талабын орындауға атсалысатынын білдірді.
Кездесуде «Педагог мәртебесі туралы» Заң жобасының 14-бабының 1 тармағында көрсетілген баспана мәселесіндегі жеңілдік түрлерін нақтылап берулерін, яғни 7-20-25 бағдарламасы бойынша 2,3 миллион төлеуге мұғалімнің қалтасы көтере бермейтіндігі, ауыл мектептерін жоғары білікті мамандармен қамтамасыз ету үшін ауыл мұғалімі мәртебесіне ерекше көңіл бөлу жөнінде, білім бөлімдеріндегі әдіскерлердің жалақысын көтеру мен штат санын көбейту және еңбекке уақытша қабілетсіздігі үшін мұғалімге төленетін жәрдемақы көлемі 15 АЕК өте аздығы, сонымен қатар ұзақ емді қажет ететін сырқат түрлеріне 100 пайыз көлемде төлеуі сияқты көптеген ұсыныстар мен пікірлер айтылды.
Депутаттар өз тараптарынан аталған Заң жобасы аясында айтылған пікірлерге толыққанды қолдау көрсететіндіктерін жеткізді. Педагогтар қауымымен кездесуге келген ҚР Парламент Мәжілісінің депутаттарына облыстық кәсіподақ комитетінің төрайымы Р.Байназарова Сыр ұстаздары атынан рақметін білдірді.
«Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері
кәсіптік одағының Қызылорда облыстық ұйымы»ҚБ
Н.С.Утегенова
-
Фотографии
-