Панфилов ауданында «Педагог мәртебесі туралы» Заңның жобасы талқыланды
Елбасы Н.Ә. Назарбаев «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында «Педагог мәртебесі туралы» Заң жобасын әзірлеуді тапсырды. Аталған заңның жобасы бүгінгі күні білім мекемелерінде кеңінен талқылануда.
Осындай шараның бірі-Панфилов ауданында жалғасын тауып, кәсіподақ активімен кездесу өтті.
Оған білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы Алматы облыстық ұйымының төрағасы Садық Нұрсапаұлы, аудандық кәсіподақ комитетінің төрағасы Мақытбек Әділұлы, бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағалары, атқару комитетінің мүшелері, ардагер ұстаздар мен жас мамандар қатысты.
Кездесуді білім және ғылым қызметкерлері Панфилов аудандық кәсіподақ комитетінің төрағасы Мақытбек Тұрлыбеков жүргізіп, ұстаз мамандығының беделін арттыру кез-келген мемлекеттің білім беру саясатының басты бағыттарының бірі екенін айтып, жеткіншіктердің сапалы білім мен саналы тәрбие беру ісі ең алдымен мектептегі мұғалімге байланысты екенін жеткізіп, сөз кезегін облыстық ұйымның төрағасына ұсынды.
Алматы облыстық ұйымның төрағасы Садық Әбдіқадыров Мемлекет басшысының тапсырмасын жүзеге асыру аясында дайындалған заң жобасының маңыздылығына тоқталды. Онда ұстаздарды қызметінен тыс жұмыстарға тартуға тыйым салу жайын және әлеуметтік қорғау миханизімі қарастырылғанын айтып өтті.
Жиында кәсіподақ жанынан құрылған педагог еңбек ардагерлері Кеңесінің мүшесі Асиям Амарбакиева, Луначарский атындағы орта мектебі бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Роза Алимжанова, жас мамандардың атынан Еламан Сайранұлы сөз алып, заң қабылданса ұстаздардың мәртебесі артатынына сенім білдіріп, ойларымен бөлісті.
Білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағы
Алматы облыстық ұйымының баспасөз қызметі