ҰСТАЗДЫҢ ОРНЫ ҚАШАН ДА ТӨР
Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың «Педагог мәртебесі туралы» Заң жобасын әзірлеу тапсырмасына сай дайындалған тұжырымдама қалың көпшіліктің талқылауына түсті. «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағы Атырау облыстық ұйымы» ҚБ аталған Заң жобасын кеңінен насихаттау мақсатында бірқатар шараларды жүзеге асырып отыр. Атап айтқанда, аймақтың бас басылымы «Атырау» газетінде «Мұғалім мәртебесі: Келісіп пішкен тон келте болмас...», республикалық салалық кәсіподақтың «Ұстаздық еңбек» газетінде «Ұстаздың орны қашанда төр» атты мақалалар және «Қазақстан-Атырау» облыстық телеарнасының «Жаңалықтар» айдарына бірнеше сұхбаттар берілді. Енді жергілікті жерлерге барып насихаттауды жоспарлап отыр. «Педагог мәртебесі туралы» Заң жобасына тәжірибелі ұстаздар, ата-аналар білдірген келісті ой-пікірлер БАҚ-да жариялануы жалғасын табуда.
Сондай-ақ, ағымдағы жылдың 17 қаңтарында облыс педагогтары басқосқан Құрманғазы атындағы мәдениет сарайында Заң жобасын талқылауға арналған жиын болды. Мәжілісте ҚР БжҒ Вице-министрі Эльмира Суханбердиева, Заң жобасын дайындаған жұмысшы тобының мүшесі «Астана гуманитарлық колледжісінің» директоры Елдос Нұрланов баяндамалар жасады. Жиынға қатысқан Атырау облысы әкімінің орынбасары Ә.Наутиев мемлекет тарапынан педагогтарға жасалған қамқорлықтың артында үлкен жауапкершілік болатындығын ескертсе, облыстық білім басқармасы басшысы м.а. А. Исанбергенова жаңа заң жобасын педагогтерге жасалған үлкен құрмет деп бағалады.
Бұл басқосудан соң жергілікті журналистерге осы құжат туралы ««Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағы Атырау облыстық ұйымы» ҚБ төрағасы Қ.Сүндетұлы, Атырау индустуриалды колледжісінің директоры Х.О. Тайпановтар сұхбаттар берді.