Кәсіподақ қызметінің негізгі бағыттары және олардың кәсіподақ белсенділігінің уәжіне ықпалы
Қазіргі күні қоғамда өзгеден озық, бітім-болмыс жағынан ешкімге ұқсай бермейтін, рухани және материалдық жағынан салмақты орны бар ұйым – кәсіподақ ұйымы және халық арасында зор сенімге, айтулы беделге ие ұйым.
Бұл қоғамдық ұйым жергілікті жердегі сан қырлы қызметті ұйымдастырушы қарапайым қызметкерлер мен жұмыскерлердің жанашыры. Еңбек адамдарының арасында болып кездесіп, олардың мұң-мұқтаждарын жедел шешуге атсалысатын бірден –бір орын.
14 желтоқсан күні Тереңкөл аудандық білім беру мекемелерінің кәсіподақ ұйымы төрағаларына арналған «Кәсіподақ қызметінің негізгі бағыттары және олардың кәсіподақ белсенділігінің уәжіне ықпалы» атты семинар өтті.
«Кәсіподақ – өндірістегі және өндірістен тыс салалардағы қызметкерлерді біріктіретін, өз мүшелерінің әлеуметтік-экономикалық құқықтары мен мүдделерін қорғау үшін құрылатын ерікті ұйымдар; қызметінің сипаты мен кәсіби мүдделерінің ортақтығына қарай ұйымдасқан азаматтардың бұқаралық ерікті қоғамдық бірлестіктері. Кәсіподақ ұйымдары азаматтардың еңбек қатынастарында, жұмыспен қамтылуға, жұмысқа қабылдауға және жұмыстан босатуға, жұмыс уақыты мен демалыстың ұзақтығы мен режиміне, жалақының мөлшеріне, тағы басқа байланысты туындаған мәселелерін шешуде елеулі рөл атқарады» деп, анықтама берді өз баяндамасында аудандық білім қызметкерлері кәсіподақ ұйымының төрайымы Умарова Айтжамал.
Семинарда әлеуметтік әріптестік жүйесінде кәсіподақтардың маңызы мен статусын арттыру жағдайлары қарастырылды. Заң тұрғысында кәсіподақтарға қойылатын талаптар, және олардың құқықтары мен міндеттері талданып түсіндірілді. Ұжымдық шарттар мен тиісті деңгейдегі келісімдер жасау, олардың арасындағы жекелей және ұжымдық еңбек дауларын шешуге көмектесу әдістерін пысықтады.
Мектеп қызметкерлерінің демалысы мен техникалық қауіпсіздігінің сақталуын бақылау, олармен өзара қарым-қатынастарын әріптестік пен құрметтеушілік, сұхбаттастық пен ынтымақтастық негізінде жүзеге асырылатын ұйым жұмысы жайында өз тәжірибелерімен Байқоныс орта мектебінің кәсіподақ ұйымы төрайымы Сулейменова Меруерт, Песчан №1 орта мектебінің кәсіподақ ұйымы төраймы Дүйсембаева Аигүл бөлісті. Жұмыс берушілер мен мұғалімдер және жұмысшылар арасындағы еңбек қатынастарына байланысты қарым – қатынастарды реттеп отыруда ұжымдық шарттың рөлінің ерекшеліктері мен кәсіподақта еңбек заңдылықтарын сақтау, еңбек кауіпсіздігі және басқа да өзекті де әлеуметтік мәселелерді шешу жолдарын табу үшін көп ізденіс қажет екенін сөз алған қатысушылар атап көрсетті
Семинар соңында қатысушылар топқа бөлініп «Жаңаша көзқарастағы кәсіподақ» атты тақырыпты талқылай отырып, қортынды ретінде топтық жұмыс әдісімен өз ойларын постерге салып, ортаға шығып дәлелдеді.
Қатысушылар өтілген семинардың мағыналы өткенін және оң пікірлерін айтып тарқасты.
Қатша Оспанова атындағы №3 ЖОБМ
кәсіподақ төрайымыГүлімай Оналханқызы
-
Фотографии
-