Талдықорған аумақтық ұйымының есеп беру-сайлау Конференциясы өтті
Бүгін білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағы Талдықорған аумақтық ұйымының XVI есеп беру-сайлау Конференциясы өтті.
Конференция жұмысына аудандық, қалалық комитеттерінен сайланған 71 делегат, Қазақстандық білім және ғылым қызметкерлері салалық кәсіподағының бас мамандары Хамидолла Сағындықов, Райхан Қыдырбаева, Алматы облыстық кәсіподақтар орталығының төрағасы Әсет Қыдырманов, маслихат депутаттары, облыстық басқарма, департамент басшылары, өзге салалық кәсіподақ филиалдарының төрағалары, БАҚ өкілдері қатысты.
Талдықорған аумақтық ұйымының төрағасы Садық Әбдіқадыров «Комитеттің 2014-2018 жылдарда атқарған жұмысы және Елбасының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауынан туындайтын аумақтық ұйымның міндеттері туралы» баяндама жасады.
«Есептік кезеңде ұйым жұмысы «Кәсіподақтар туралы» Заңын, кәсіподақтың алқалы органдарының шешімдерін орындауға, кәсіподақтар қызметін түбегейлі реформалау мақсатында қабылдаған Жол картасы аясында жаңа жұмыс әдістеріне көшуге, мүшелікке жастарды кеңінен тартуға, ақпараттық жұмысты күшейтуге, аумақтық деңгейде кәсіподақ құрылымдарын қайта құруға бағытталған», - деді өз есебінде ұйым төрағасы.
Конференцияның күн тәртібіне сәйкес тексеру комиссиясының мүшесі Татьяна Ногтеваның есебі тыңдалды.
Жарыссөзге қатысқан кәсіподақ белсенділері Марат Айнабеков, Мақытбек Тұрлыбеков, Рүстем Ыдрысов, Оксана Сибиряковалар аумақтық ұйымның жұмысына оң баға берді.
Конференция барысында Қазақстандық білім және ғылым қызметкерлері салалық кәсіподағының бас маманы, «Педагог мәртебесі туралы» Заң жобасын дайындау бойынша жұмыс тобының мүшесі Райхан Мамашиқызы сөз алып Елбасы Жолдауы аясында топтың атқарған жұмысына тоқталып, кәсіподақ ұйымы тарапынан жасалған ұсыныстармен таныстырды. Сонымен қатар, Конференция делагаттарының сұрақтарына жауап беріп, пікір алмасты.
Салалық кәсіподағының бас маманы Хамидолла Сағындықов ұйым жұмысына баға беріп, кәсіподақ құрылымдарында есеп берулер мен сайлауларды өткізу жөніндегі нұсқаулыққа сәйкес Талдықорған аумақтық ұйымының төрағалығына Садық Әбдіқадыровтың кандидатурасын ұсынды.
Конференция делегаттарының қолдауымен Садық Әбдіқадыров төраға болып сайланды.
Сондай ақ, Комитет, бақылау-тексеру комиссияларының құрамы жаңартылды.
Алқалы жиын соңында бірқатар кәсіподақ белсенділері «Білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен, Алматы облыстық кәсіподақтар орталығының және аумақтық ұйымның Құрмет грамоталарымен марапатталды.
Білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағы
Талдықорған аумақтық ұйымының баспасөз қызметі
-
Фотографии
-