«Әлеуметтік еңбек қатынастарын реттеудегі кәсіподақтардың рөлі» тақырыбында облыстық семинар
2018 жылдың 29 қараша күні №270 Ғ.Мұхамеджанов атындағы орта мектебінде бастауыш кәсіподақ ұйымдарының төрағалары, еңбекті қорғау жөніндегі техникалық инспекторлар мен білім саласы мекемелерінің іс жүргізуші мамандарының қатысуымен «Әлеуметтік еңбек қатынастарын реттеудегі кәсіподақтардың рөлі» тақырыбымен көшпелі облыстық семинар өтті. Семинарға Білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы Қызылорда облыстық комитетінің құқықтық қызмет жөніндегі мамандары Ербол Жұбатқанов, Нұргүл Өтегенова және бас есепшісі Марал Туребаева, Шиелі аудандық кәсіподақ комитетінің төрағасы Рысдаулет Құдайбергенов қатысты. Семинар жұмысын ашық деп жариялаған аудандық кәсіподақ комитетінің төрағасы Рысдаулет Құдайбергенов қатысушыларға сәттілік тілеп, белсенділік танытуға шақырды. Салалық келісімдер, ұжымдық шарттар арқылы аудандағы білім мекемелерінің еңбек қауіпсіздігі, жұмысшылардың өмірі мен денсаулығын қорғауға басымдық беріліп отырғанына тоқталып өтті. Облыстық кәсіподақ комитетінің құқықтық жұмыстар жөніндегі бас маманы Н.Өтегенова «Ұжымдық шарт - жұмыскерлер мүддесін қорғау мәселесіндегі басты құжат» тақырыбымен баяндама жасап, ұжымдық шарттың маңыздылығына, ұжымдық шартта кәсіподақтың заңды құқықтарын жүзеге асырудың нақты бағдарын белгілеуге болатыны және әлеуметтік, еңбек және экономикалық қатынастарды реттеудің тиімді механизмін құруға ықпал ететініне тоқталып өтті.
Облыстық кәсіподақ комитетінің құқықтық жұмыстар жөніндегі маманы Е.Жұбатқанов өз кезегінде еңбекті қорғау және еңбек қауіпсіздігі , техникалық инспектор жұмысының ұйымдастырылу тәртібі мен маңыздылығын, жұмыс барысында қолданылатын құжаттардың толтырылу реттілігін слайдтар мен құжаттардың көмегімен түсіндіріп өтті. Еңбекті қорғау жөніндегі техникалық инспекторлардың мәртебесі, құқықтары мен міндеттері, сондай-ақ олардың бақылауды жүзеге асыру тәртібі туралы және техникалық инспектор күнделігің толтырылу реттілігін айтып өтті.
Сөз кезегі Облыстық кәсіподақ комитетінің бас есепшісі М.Төребаева беріліп, кәсіподақ тарапынан білім саласының қызметкерлеріне жазғы және қысқы демалыстарға жолдамалардың бөліну реттілігі туралы түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
Бүгінгі өткен семинардан білім саласы мекемелерінің іс жүргізуші мамандары құжаттардың Еңбек заңына сәйкес толтырылу реттілігі мен рәсімделуі жайлы толық ақпарат алса, бастауыш кәсіподақ комитетінің төрағалары мен техникалық инспекторлар еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету, техникалық инспектор күнделігінің толтырылуы жайлы методикалық көмек алып, қатысушылар көкейлерінде жүрген еңбек қатынастарына байланысты барлық сұрақтарына жауап алды.
Білім және ғылым қызметкерлері
кәсіподағының Шиелі аудандық комитеті