ЕСЕП-БЕРУ САЙЛАУ КОНФЕРЕНЦИЯСЫ ӨТТІ
Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Жамбыл облыстық ұйымының М.Х.Дулати атындағы ТарМУ-і Филиалының І есеп беру-сайлау Конференциясы өтті. Конференция жұмысына М.Х.Дулати атындағы ТарМУ-нің ректоры Махметғали Сарыбеков, кәсіподақ төрағасы Ерұлан Мағзымбеков пен университеттің құрылымдық бөлімшелерінен сайланған 107 делегат қатысты.
Конференцияның жұмысшы органдары сайланып болғасын, күн тәртібіндегі алғашқы сұрақ - М.Х.Дулати атындағы ТарМУ-нің кәсіподақ ұйымының 2014-2018 жылдар аралығындағы жұмысы туралы Филиал төрағасы Берік Хұсайынов есеп берді.
Есептен түйгеніміз университеттің кәсіподақ ұйымының 10 бастауыш ұйымы 1639 қызметкермен қамтылған. Бұл қызметкерлер есепті мерзімде жұмыс берушімен 2012-2014 ж.ж, 2015-2017 ж.ж. және бүгінгі күні қолданыстағы 2018-2020 жылдарға жасалған біріңғай Ұжымдық шартпен қорғалған. Биылғы жылы өткен бақылау кеңесінің шешімі негізінде оқытушылар мен қызметкерлердің жалақылары өскен. Есепті мерзімде университет қызметкерлері мен оқытушыларына 350 млн.теңге көлемінде сауықтыру жәрдамақысы төленген. Ал әлеуметтік қолдау көрсету мақсатында ректорат тарапынан 600 млн.теңге көлемінде материалдық көмек пен сыйақы берілген. Сондай-ақ, осы уақыт аралығында сауықтыру орындарында 708 қызметкер денсаулықтарын түзеген.
Өз сөзінде университет ректоры Махметғали Сарыбеков кәсіподақ комитетінің жұмысына көңілі толатынын жеткізіп, есепті баяндамада айтылған бірқатар ұсыныстарға жауап беріп, кейбір мәселелерді алдағы уақытта бірігіп шешетіндіктерін жеткізді.
Келесі сұрақ – университеттің кәсіподақ комитетінің төрағасын сайлау бойынша ұжым бірауыздан осыған дейін табысты қызмет жасаған Берік Хұсайыновтың кандидатурасын қолдап, дауыс берді. Конференция соңында облыстық кәсіподақ ұйымының төрағасы Ерұлан Мағзымбеков ұжым мүшелерін мазмұнды өткен конференцияның нәтижелі аяқталуымен құттықтап, бірқатар профессор-оқытушылар құрамы мен қызметкерлерді «Білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағына сіңірген еңбегі үшін» белгісімен, Құрмет грамоталарымен марапаттады.
Перизат БАҚЫТ
-
Фотографии
-