«Мерке» шипажайымен танысу
Қайнаған тірліктің қарбалас күндерінің ішінде көңіліңді «селт» еткізіп, ұйқыдан оянғандай жан - жағыңа ерекше көзқараспен қарауға әсер ететін кейбір әсерлі кезеңдер болады. Осы әсерді мен Қызылорда облыстық білім қызметкерлері кәсіподақ ұйымының ұйымдастыруымен 2018 жылдың 7-8 қараша күндері аралығында өткізілген «Мерке» шипажайындағы семинар барысында сезіндім.
Семинарға облыстық білім, денсаулық, мәдениет саласының, Петро Қазақстан компаниясының және «Қазгермұнай» БК» ЖШС-нің аудандық, бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағалары қатысып, өз ойларымен бөлісті. Семинар барысында «Мерке» шипажайы басшыларымен, қызметкерлерімен кездесу өткізіліп, шипажайдың құрылу тарихымен, шипажайдың суының емдік қасиеті мен ерекшелігіне (оның құрамында Менделеев таблицасындағы радиоактивті элемент радонның шипасы) көз жеткіздік. Меркенің аспанмен таласқан асқақ таулары мен тау басынан сарқырай аққан асау өзендерінің әсем дыбысы, біріне - бірі ұқсамайтын биік - биік ағаштары адамды ерекше күйге бөлеп, өзіне еріксіз баурап тартып тұрады екен. Мұндай да сұлу табиғат болады екен-ау! Осының барлығына шипажай ұжымының ұйымдастырған тау басына, «Меркі» үңгіріне, Сыпатай батыр күмбезіне, Мерке музейіне саяхат барысында куә болдық. Шипажай ұжымының дархан көңілі мен ашық, жарқын пейілі көңіліңе жылылық ұялатады, өздеріне еріксіз тартып тұрады. Семинардан қайту сапарында «Манкент» шипажайына аялдап, шипажай жұмысымен танысып, ерекшеліктеріне куә болдық. Осы семинарды ұйымдастырып, ерекше көңіл-күй сыйлаған облыстық білім қызметкерлері кәсіподақ ұйымының төрайымы Р.М.Байназароваға алғысымыз шексіз.
№186 орта мектептің бастауыш кәсіподақ
ұйымының төрайымы Төртбаева Данагүл
-
Фотографии
-