Талдықорғанда «Ең үздік бастауыш кәсіподақ ұйымы» байқауының қорытынды кезеңі өтті
Білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағы Талдықорған аумақтық ұйымы алғаш рет «Ең үздік бастауыш кәсіподақ ұйымы» байқауын өткізді.
Шараның мақсаты - кәсіподақтың жарғылық міндеттерін жүзеге асыру үшін бастауыш кәсіподақ ұйымдарының жұмысын жандандыру, кәсіподақ мүшелерінің әлеуметтік, еңбек құқықтарын және кәсіби мүдделерін қорғау.
Облыс орталығындағы № 4 орта мектептің мәжіліс залында ұйымдастырылған байқауға аудан, қалаларда өткен іріктеу кезеңдерінің жеңімпаздары қатысты. Байқаудың облыстық кезеңінде барлығы 10 бастауыш ұйымы бақ сынады.
Білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағы Талдықорған аумақтық ұйымының төрағасы Садық Әбдіқадыров қатысушыларды құттықтап, сәттілік тіледі.
Әділқазылар алқасының мүшелері бастауыш кәсіподақ ұйымдарының қызметін бағалау барысында сала қызметкерлерін мүшелікке тарту, ұйымының іс-қағаздарын жүргізу деңгейіне, ұжымдық шарт талаптарының орындалуына, әлеуметтік әріптестік, келісім комиссияларының және еңбек қауіпсіздігі бойынша өндірістік кеңесттерінің жұмысына аса назар аударды.
Байқау қорытындысы бойынша қазылар алқасы жеңімпаздарды анықтады.
Байқауда жүзден жүйрік шыққан Сарқан ауданы Алмалы орта мектебі бастауыш кәсіподақ ұйымы (төрағасы Рүстем Ыдырысов) бас жүлдені иеленді.
Ал, I орын І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университеті кәсіподақ комитетіне (төрағасы Ерлан Хаймулданов),
II орын Қаратал ауданындағы №13 орта мектеп бастауыш кәсіподақ ұйымына (төрайымы Жүнісова Гауһар),
III орын Панфилов ауданы Ә.Қастеев атындағы орта мектебі бастауыш кәсіподақ ұйымына (төрайымы Жұмагүл Исаева) және Талдықорған политехникалық колледжі бастауыш кәсіподақ ұйымына (төрайымы Клара Ақашева) бұйырды.
Жеңімпаздар Талдықорған аумақтық ұйымының дипломы және қаржылай сыйлықтарымен марапатталды. Көпшілік көңілінен шыққан шара алдағы уақытта да өз жалғасын табатын болады.
Білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағы
Талдықорған аумақтық ұйымының баспасөз қызметі
-
Фотографии
-