ҰСТАЗДАР ҚАУЫМЫН ЖАҢА МАҚСАТТАРҒА ЖЕТЕЛЕЙДІ
Бірнеше жылдар көлеміндедәстүрге айналған елімізге тарихи құжат болып қалыптасқан Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Жолдауы қазақстандықтар үшін маңызды құжат. Осы жылғы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» тақырыбындағы Жолдауы 2050-ші жылға дейінгі Стратегияның, Ұлт жоспарының, Елдің үшінші жаңғыруының жалғасы. Президентіміз Білім саласы қызметкерлерінің болашағын айқындап, алдарына үлкен міндет қойды. Ұстаздар қауымын қуантқан Жолдаудан Елбасының ұстаздарға деген қамқорлығын аңғаруға болады. Биылғы Жолдаудың ең басты ерекшелігі қоғам өмірінің барлық саласын қамтуында білім, ғылым, медицина, денсаулық сақтау салалары да - мемлекеттің ең басты тірегі адам капиталын дамытудың, азаматтардың тұрмыс сапасын арттырудың ең негізгі тетігі.
Жолдаудың екінші бөліміндегі тұрмыс сапасын арттыру мәселелерінде айтылған бес жыл ішінде білім, ғылым, денсаулық сақтау салаларына барлық көздерден жұмсалатын қаражатты ішкі жалпы өнімнің он пайызына дейін жеткізу, мектепке дейінгі білім сапасын түбегейлі жақсарту, тәрбиешілердің және балабақшадағы қызметкерлердің еңбегіне ақы төлеу жүйесін қайта қарау, білім алудың қол жетімділігін арттыру, үш ауысымда оқыту және апат жағдайындағы мектептерді болдырмау мақсатында Үкіметке 2019-2021 жылдарға арналған бюджеттен қосымша 50 миллиард теңге қарастыруды тапсырды.
Келесі жылы «Педагог мәртебесі туралы» Заңды әзірлеп, қабылдау қажет деп атап көрсеткен Жолдаудағы Елбасы тапсырмасы ұстаздар қауымына үлкен қуаныш.
Кәсіподақ еңбек адамының әлеуметтік-экономикалық құқықтары мен мүдделерін қорғайтын тәуелсіз қоғамдық ұйым болғандықтан Жолдауды аса ризашылық сеніммен қабылдады. Педагогтардың мәртебесін көтеру, әлеуметтік, тұрмыстық жағдайын жақсарту, ұстаздардың Заң тұрғысында қорғалуы бүгінгі жаңашыл ұстаздардың шығармашылықпен жұмыс жүргізуіне жасалған ерекше жағдай деп қабылдаймыз.
Диана ТУРМАНОВА, Түркістан қалалық білім және ғылым
қызметкерлерінің кәсіподақ комитетінің төрағасы