ӨНЕРПАЗ ҰСТАЗДАРДЫ ШЫҢДАҒАН ФЕСТИВАЛЬ
Мэлс Өзбековтың әніне жазылған «Келші Құланға» әніндегі өлең жолдарында «Жібек жолын басып, Үммет құмын асып, Келші, сәулем, келші біздің Құланға» деген тамаша тіркестер бар. Осы әуен шақырғандай «Тәуелсіз елдің ұлағатты ұстаздары» облыстық VII фестивалінің Жамбыл облысы, Т.Рысқұлов ауданындағы гала-концерті Мэлс Өзбеков атындағы мәдениет сарайында өтті.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткен шараға облыстық білім басқармасының басшысы Рахия Тұрмаханбетова, облыстық білім саласындағы бақылау департаментінің басшысы Дәмеш Ускембаева, Кәсіподақ төрағасы Ерұлан Мағзымбеков бастаған қазылар алқасы және ұстаздар қауымы қатысып, өз әріптестерінің өнерін тамашалады.
Марат Ыбыраевтің «Туған жер» әнін орындаған аудан ұстаздарының хор ұжымы фестиваль шымылдығын ашса, М.Төлебаев атындағы балалар музыка мектебінің ұжымы Түркештің «Көңілашар» күйі мен М.Джексонның әнін а капелла жанрында орындады. Балалар мен жасөспірімдер орталығының ұстаздары Асылбек Үмбеталиев пен Жазира Есболованың орындауындағы «Киелі менің Құланым», Айшабибі Орманованың орындауындағы «Сен» әндері мен Ә.Бөкейханов атындағы орта мектебінің ұжымы сахналаған Шерхан Мұртазаның «Қызыл жебе» романынан үзінді, Қаршыға Ахмедияровтың «Күткенде» күйін орындаған фольклорлық ансамбльдің өнерлерін тыңдармандар мен көрермендер ыстық қабылдады. Қазылар алқасының бірауызды шешімімен Айшабибі Орманованың орындауындағы «Сен» әні облыстық гала-концертке таңдап алынды. Көркемөнерпаздық шығармашылықпен айналысатын ауданның барша ұстаздарына алдағы уақытта шығармашылық табыстар мен кәсіби жеңістер тілейміз!
Перизат БАҚЫТ
-
Фотографии
-