АТҚАРУ КОМИТЕТІНІҢ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ
Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының Жамбыл облыстық ұйымының жұмыс жоспарына сай Кәсіподақ үйінің мәжіліс залында ұйымның кезекті Атқару комитетінің отырысы өтті. Кәсіподақ төрағасы Ерұлан Мағзымбековтың төрағалығымен өткен мәжіліске Атқару комитетінің мүшелері, Кәсіподақ филиалдары мен тікелей бағыныстағы құрылымдық бөлімше жетекшілері мен шақырылғандар қатысты.
Алғашқы болып сөз алған төраға Ерұлан Сәбенұлы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауын жүзеге асырудағы кәсіподақ ұйымдарының міндеттеріне тоқталып, алдағы жоспарларымен бөлісті.
- Елбасы Жолдауы межелі міндеттер мен маңызды жоспарларды қамтыды. Онда халықтың тұрмыс-тіршілігі мен табысын жақсарту, экономикалық деңгейін көтеру, жалпы алғанда, қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі – басты мақсат ретінде көрсетілді. Жолдау аясында айтылған осындай басым міндеттердің іске асырылуына барынша атсалысып, оның жүзеге асуы барлығымызға жүктелген жұмыс деп санаймын. Ол үшін кәсіподақ мүшелерінің заңды құқықтары мен кәсіби мүдделерін қорғау қызметінің тиімділігін арттыру, ұйымдастырушылықты нығайту арқылы жұмыстың жаңа нысандары мен әдістеріне көшу, заманауи кадрлық саясат, мүшелік базаның нығаюы мен көбеюі, кәсіподақ кадрлары мен активін жүйелі және үздіксіз оқыту мен біліктіліктерін арттыруды ұйымдастыру, ең маңыздысы Елбасы тапсырған «Педагог мәртебесі туралы» Заңның шын мәнінде педагогтардың көңілінен шығатындай етіп қабылдануына себепкер болу, - деген Кәсіподақ төрағасы алдағы уақытқа жоспарланған өзге де жұмыстардың маңыздылығына тоқталды.
Олардың қатарында кәсіподақ ұйымдарының жұмысын ҚР кәсіподақтар Федерациясының кезектен тыс ХХV съезінің шешімдеріне сәйкестендіру, филиалдар мен бастауыш ұйымдардағы есеп беру-сайлау науқаны мен «Тәуелсіз елдің ұлағатты ұстаздары» атты педагогикалық ұжымдар көркемөнерпаздарының 7 облыстық фестивалін жоғары деңгейде өткізу.
Келесі сұрақ - кәсіподақ заңгерлеріне арналған республикалық семинардың қорытындысы бойынша төраға орынбасары Берік Баймағанбетов баяндама жасады. Ол өз сөзінде білім қызметкерлері кәсіподақтарының алдында тұрған негізгі міндет ол – Елбасы тапсырмасына сәйкес «Педагог мәртебесі туралы» Заң жобасының талқылауына белсенді қатысып, нақты ұсыныстарды әзірлеу екендігін жеткізді. Алматы қаласында өткен семинар барысында еліміздің барлық аймағынан жиналған заңгерлер осы сұрақ бойынша пікір-алмасулар өткізіп, нақты ұсыныстар қабылдағандықтарын, сондай-ақ, 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап толықтырулар мен өзгерістер енетін өзге де заң нормалары бойынша тәжірибе алмасқандықтарын айтты. Сонымен бірге Кәсіподақтың бас есепшісі Гулия Акимбаева да Алматы қаласында өткен бухгалтерлердің республикалық семинарында талқыланған тақырыптар мен мәселелер туралы айтып, Атқару комитетінің мүшелерін соңғы ақпаратпен құлақтандырды.
Бұдан бөлек, алқалы жиында өзге де мәселелер қаралып, тиісті қаулы қабылданды.
Перизат БАҚЫТ
-
Фотографии
-