«Дипломмен ауылға» бағдарламасы жастар арасында талқыланды
Жоғары оқу орнын аяқтап, ауылға келген жас мамандарды баспанамен қамтамасыз етуге арналған «Дипломмен ауылға» бағдарламасы ел игілігі үшін тоғызшы жыл қатарынан жұмыс істеп келеді. Бұл бастама Қазақстанның барлық елді-мекенін қамтып, жастарға қолдау танытқаны баршамызға белгілі.
Бүгін осы бастама негізінде білім және ғылым қызметкерлері Қаратал аудандық кәсіподақ комитетінің төрағасы Асхат Жеңісұлы жас мамандармен кездесу өткізді. Онда бағдарлама шеңберінде түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, соңғы екі жылда аудан бойынша білім беру саласына 38 көтерме ақы, 25 баспана берілгені айтылды. Сондай-ақ, кәсіподақ басшысы білім мекемелерінде жаңадан ұстаздар қауымының қатарын толықтырған мамандар толық сағат жүктемесімен қамтамасыз етілгенін жеткізді.
Кездесу барысында аудандық кәсіподақ комитетінің жанынан құрылған жастар кеңесінің төрағасы Зарина Болатханова сөз алып, Елбасы Жолдауын насихаттап, «Жастар жылы» қарсаңында кәсіподақ комитеті бірқатар жұмыстарды атқаратынын және жастар тізімі жинақтарып жатқанын айтты.
Шараға қатысушылар пікірлерін ортаға салып, көкейіндегі сұрақтарға толық жауап алып, ризашылықпен тарқасты.
Гүлбар Ниязбек,Білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағы
Талдықорған аумақтық ұйымына қарасты
Қаратал аудандық кәсіподақ комитетінің есепшісі
-
Фотографии
-