Сарқан ауданында атқарылған жұмыстар қорытындыланды
Білім және ғылым қызметкерлері Талдықорған аумақтық ұйымына қарасты Сарқан аудандық кәсіподақ комитеті ХV есеп беру-сайлау Конференциясын өткізді.
Жиынға Талдықорған аумақтық ұйымының төрағасы Садық Әбдіқадыров, аудандық білім бөлімінің басшысы Панар Имангазиева және бастауыш кәсіподақ ұйымдарынан сайланған делегаттар қатысты.
Шара барысында Сарқан аудандық кәсіподақ комитетінің төрағасы Ермек Алинов Елбасы Жолдауының негізгі бағыттарына назар аударып, «Педагог мәртебесі туралы» заңды әзірлеп қабылдауды ұсынғаны барша ұстаздар қауымына қуаныш сыйлағанын жеткізіп, алдағы уақытта мұғалімдер игілігіне жұмыс істейтін бастама боларына сенім білдірді.
Сонымен қатар, комитет төрағасы сайланған мерзім ішінде кәсіподаққа қатысты атқарылған жұмыстарға тоқталды. Ал тексеру комиссиясының төрағасы Алмагүл Дармышова комитеттің қаржылық-шаруашылық жұмыстарын баяндап, кәсіподақ мүшелерінің денсаулығын нығайту, балалардың сауықтыру орындарына жіберу және мәдени-көпшілік шараларға қаржының көп бөлігі жұмсалғанын айттып берді.
Құрамында 37 бастауыш кәсіподақ ұйымы, 2184 мүшесі бар комитеттің жұмысы қанағаттанарлық деп танылды.
Қатысушылар дауысқа салу арқылы комитеттің және атқару комитетінің мүшелері жаңа құраммен толығып, келесі 5 жыл мерзіміне Сарқан аудандық кәсіподақ комитетінің төрағасы ретінде Алинов Ермек Шопиянұлы сайланып, кәсіподақтық мақсаты мен міндетін айқындап, атқаратын жұмыстарды нақтылады.
Білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағы
Талдықорған аумақтық ұйымының баспасөз қызметі
-
Фотографии
-