Талдықорғанда еңбек инспекторларына арналған семинар өтті
Бүгін еңбек күніне орай білім және ғылым қызметкерлері Талдықорған аумақтық ұйымы «Білім мен еңбек, бәрін жеңбек» атты тақырыпта практикалық семинар өткізді.
Тәжірбие алмасу шарасына білім беру мекемелеріндегі өндірістік кеңестің мүшелері, еңбекті қорғау жөніндегі техникалық инспекторлар, облыстық кәсіподақтар орталығы және аумақтық ұйымның қызметкерлері қатысты.
Еңбек мәртебесін көтеру, білім беру мекемелеріндегі еңбекті қорғау жөніндегі техникалық инспекторлардың біліктілігін арттыру мақсатында өткен семинар барысында білім беру мекемелерінде еңбек қауіпсіздігі талаптарының сақталуы, өрт қауіпсіздігі және оның алдын алу шаралары, өндірістік кеңестердің жұмысын жандандыру жолдары қарастырылды.
Шара Талдықорған гуманитарлық-техникалық колледжінің мәжіліс залында жалғасын тапты.
Жиында Талдықорған аумақтық ұйымның бас маманы Мэлс Төлепбергенов Елбасы бастамасының маңыздылығына тоқталып, дәстүрге айналған Жолдауда ұстаздар үшін жағымды жаңалықтар айтылғандығын, мұғалімдер мәртебесін көтеруде мүмкіндік туғанын қуана жеткізді.
Келесі сөзді І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университеті азаматтық – құқықтық пәндер кафедрасының аға оқытушысы заң ғылымдарының магистрі Бота Әмірова алып, биыл бесінші рет аталып өткен еңбек күнінің мәні мен маңыздылығын айтып берді. Қатысушылар өзара пікір алмасып, ойларымен бөлісті.
Кездесу соңында кәсіподақ белсенділері Талдықорған аумақтық кәсіподақ ұйымының құрмет грамоталарымен марапатталды.
Білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағы
Талдықорған аумақтық ұйымының баспасөз қызметі
-
Фотографии
-