«МӘҢГІЛІК ЕЛДІҢ ЖАСТАРЫ – ЖАРҚЫН БОЛАШАҚҚА»
Осы тақырыппен Атырауда «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағынының Атырау облыстық ұйымы» қоғамдық бірлестігі тұңғыш рет жас ұстаздардың слетін өткізді. Аталмыш басқосуға аймақтың барлық білім беру мекемелерінен 210 және 50-ге жуық халық ағарту саласында абыроймен еңбек еткен ардагер ұстаздар қатысты. Салтанатты шараны қоғамдық бірлестіктің төрағасы Қылышбай Сүндетұлы құттықтау сөз сөйлеп ашты: – Бүгінгі бас қосуымыздың негізгі мақсаты қиындығы мен қызығы мол, қоғамның қозғаушы күші – адам тәрбиесінде үлкен орын алатын мұғалімдік мамандықтың иелеріне құрмет көрсету болып табылады. Қай мемлекеттің де негізгі тірегі – білімді де білікті, іскер де белсенді жастар. «Мен – жастарға сенемін» деп алаштың зиялы өкілі Мағжан Жұмабаев айтқандай, кеше ғана педагогикалық университеттен диплом алып өмірге аттанған жас ұстаздардың тыныс-тіршілігі, ізденістері мен еңбектері туралы айтылар уақытта, бағалар кезде жеткен секілді. Балаларды білім нәрімен сусындату, оларды ізгілікке баулу, тәлім-тәрбие беру, білгеніңді үйрету – оңай шаруа емес. Адал еңбек, шынайы ізденіс, алысты болжайтын асқақ арман кімді болсын абыройға кенелтеді. «Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі» деп дана халқымыз айтқандай, жас ұрпақтың бойына жақсылық нұрын дарытып, имандылықты орнықтыратын ұстаздық мамандықтың даңқы арта берсін!», – деп алдағы келе жатқан мұғалімдер мерекесімен қызу құттықтады.
Келесі сөз алған «Нұр Отан» партиясы Атырау облыстық филиалы төрағасының орынбасары Б.Қ. Қарабаев, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Қ.Ө. Жүсіп, Облыстық білім беру басқармасы әдістемелік орталығының меңгерушісі Ғ.У. Қабекенов, Махамбет ауданы Сарытоғай орта мектебінің мұғалімі А.К. Сарсенғалиев білім беру ісінде жас ұстаздардың алдындағы міндеттерге тоқталды. Жиынның келесі бір шарасы мұғалімдер күніне орай ардагерлер мен жас ұстаздарға «Нұр Отан» партиясы Атырау облыстық филиалы мен облыстық мәслихаттың Алғыс хаттары, Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағынының және облыстық қоғамдық бірлестіктің төсбелгілері мен Құрмет грамоталары, Облыстық Ардагерлер кеңесінінің мерекелік медальдары табыс етілді. Сондай-ақ, осы жиын барысында облыстың «Алтын белгі» иегерлері мен халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздарын дайындаған 25 ұстазға каникуль кезінде демалулары үшін «Көктем» шипажайына тегін жолдамалар ұсынылып, 30 ардагерге 600 мың көлемінде қаржылай көмек беруге шешім қабылданды.
Салтанатты жиынның шырайын ашқан келесі шара Ұстаздар күні аясында және Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасында белгіленген міндеттерді жүзеге асыру мақсатында «Мамандығым – мақатынышым» атты үздік шығармалар байқауы жарияланған болатын. 3 айға созылған байрақты бәсекеге жергілікті тілшілер тарапынан 30-дан астам шығармалар келіп түсті, оның Ережеге сай үздіктері республикалық салалық кәсіподақтардың «Ұстаздық еңбек» газетінде жарияланды. Байқауды қорытындылау үшін облысқа белгілі әдебиетшілер, тіл мамандары және белгілі ұстаздардан Әділ қазылар Алқасы құрылып, олардың шешімі бойынша аймақтың жас үздік ұстаздары туралы жазылған шығармалар сайысының жеңімпаздары ақшалай сыйлықтармен және дипломдармен марапатталды. Бас жүлдені Махамбет ауданы Алмалы орта мектебінінің мұғалімі бастауыш кәсіподақ ұйымының ақпараттық хатшысы Галимов Қуанышбек жеңіп алды. Ол аталған мектептің мұғалімі Рахия Сағызбаева туралы «Өз ісінің маманы» атты мақала жазған еді.
-
Фотографии
-