Сала қызметкерлері үнемі кәсіподақ назарында
Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Қызылорда облыстық ұйымының заңгерлері жоспарлы Қызылорда қаласы мен Арал, Қазалы аудандарының білім беру мекемелерінде заң талаптарының орындалуына қоғамдық бақылауды жүзеге асыруда.
Қоғамдық бақылау жүргізудің басты мақсаты еңбек заңнамасы мен өзге де нормативтік құқықтық актілердің сақталуын тексеру, кәсіподақ мүшелерінің әлеуметтік-еңбек құқықтарының қорғалуын қамтамасыз ету және құқықтары мен заңды мүдделерінің бұзылуы анықталған жағдайда заң аясында қалпына келтіру. Сонымен қатар заң бұзушылықтың алдын алып практикалық көмек көрсету.
Тексеру барысында білім мекемесінің басшысымен, директордың шаруашылық ісі жөніндегі орынбасары, еңбекті қорғау жөніндегі техникалық инспектормен, іс-қағаз жүргізушімен жұмыстар жүргізіліп отырды.
Жұмыс барысында төмендегі мәселелер қамтылды: ұжымдық шарт талаптарының орындалуы, еңбек шартының ҚР заңнамасына сәйкес болуы, еңбек демалысының ұзақтығы және оларды беру тәртібі, білім қызметкерлерінің міндетті медициналық қарап-тексеруден өтуі, кіші қызметкерлерді арнайы киіммен және жеке қорғаныш құралдарымен қамтамасыз ету.
Қызылорда қаласында білім беру мекемелерінің ұжымдық шарты біріңғай үлгіде 2016-2018 жылдарға жасалынып, еңбек саласын бақылау басқармасында тіркелген.
Онда кіші қызметкерлердің жұмысының ауырлығы, жалақысының аздығы және еңбек демалысына бір ғана материалдық көмек берілетінін ескере отырып еңбек демалысының күндері ұжымдық шарттың IV тарауының 4.16. тармағында техникалық қызметкерлердің барлығына 30 күнтізбелік күн деп көрсетілгеніне қарамастан осы норма біраз мектептерде орындалмағаны анықталды.
Осыған орай білім бөлімінің басшысына ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 97 бабының 3 тармағы бойынша ұжымдық шартта көрсетілген мідеттемелердің орындалмауына кінәлі тұлғаларға 400 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынатыны ескеріліп, техникалық қызметкерлердің еңбек демалысының ұзақтығын қайта есептелінуіне ықпал жасау жөнінде хат жолданды.
«Білім беру объектілеріне қойылатын санитарлық-эпидемиологиялық талаптар» санитарлық қағидаларын бекіту туралы Қазақстан республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2017 жылғы 16 тамыздағы №611 бұйрығында да арнайы киіммен қамтамасыз ету нормасы бекітілген.
Соған қарамастан білім бөлімінде тиісті қызметкерлерді арнайы киіммен қамту үшін қаржы көзінің қарастырылмауынан жоғарыдағы заң талаптары сақталмаған.
Соған байланысты кәсіподақ тарапынан Қала әкіміне білім беру ұйымдарында тиісті қызметкерлерді арнайы киіммен қамту үшін қалалық бюджеттен қаржы бөлу жөнінде хат жолданды.
Сонымен қатар Арал, Қазалы аудандарында да анықталған заң бұзушылықтар бойынша мекеме басшылары мен бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағаларына мерзімі көрсетіле отырып тоқтамдар тапсырылып, іс-қағаз жүргізушілерге құжаттарды дұрыс рәсімдеу бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, әдістемелік көмек көрсетілді.
Қоғамдық бақылау басқа аудандарда да жалғасын тауып, тексеру қорытындысы атқару комитетінде қаралатын болады.
Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері
кәсіптік одағының Қызылорда облыстық ұйымының
Құқықтық қызмет жөніндегі маман
-
Фотографии
-