ОБЛЫСТЫҚ КОМИССИЯНЫҢ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ
Таяуда облыс әкімдігінің білім басқармасында Жамбыл облысы білім және ғылым саласындағы әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі облыстық салалық комиссияның кезекті отырысы өтті. Оған аталған комиссияның төрағасы, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Талғат Жамалов пен Кәсіподақтың Жамбыл облыстық ұйымының төрағасы Ерұлан Мағзымбеков бастаған комиссия мүшелері қатысты. Күн тәртібінде екі мәселе қаралды.
Осыған орай комиссия отырысында №14 Талас және №18 Ақыртөбе колледждерінде бала санының азаюына байланысты қызметкерлердің штат санының қысқаруына әкеліп соққан мәселелер талқыға салынды. Атап айтқанда, облыс әкімдігінің білім басқармасы тарапынан жүргізілген білім саласын оңтайландыру жұмыстары барысында облыстағы колледждердің қызметтері зерделеніп, 2018-2019 оқу жылына Талас ауданының Ақкөл ауылында орналасқан №14 Талас колледжі мен Тұрар Рысқұлов ауданының Ақыртөбе станциясында орналасқан №18 Ақыртөбе колледжіне мемлекеттік білім беру тапсырысы тоқтатылған.
Жиын барысында жоғарыда аттары аталған екі колледждегі бүгінгі жалпы жағдайды саралап, талқыға салған комиссия мүшелері белгілі себеппен жұмыссыз қалған барлық азаматтарға мемлекеттік тұрғыдан көрсетілуі тиіс көмектің бәрі де көрсетілетіндігін жеткізді. Дәлірек айтқанда, төленуі тиіс төлемақылардың уақытында толықтай төленіп, жұмыссыздарды жұмыспен қамтамасыз ету бойынша аудан әкімдігімен және жергілікті жерлердегі білім бөлімдерімен, сондай-ақ облыстық білім басқармасымен бірлескен қызметтердің атқарылып, жүзеге асырылатындығын мәлімдеді.
Жиын соңында комиссия мүшелері жасөспірімдерді бейімдеу орталығы мен Сарымолдаев атындағы балалар үйін біріктіруді көздейтін мәселені де көпшілік талқысына салып, күн тәртібінде қарады.
Перизат БАҚЫТ
-
Фотографии
-