Жаркент жастары ҰБТ-ны талқылады
Білім және ғылым қызметкерлері Панфилов аудандық кәсіподақ комитетіне қарасты Надек орта мектебінде «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «ҚР білім беру жүйесінде ҰБТ керек пе?» атты тақырыбында дебат өтті.
Шараға аудандық кәсіподақ комитетінің төрағасы Мақытбек Әділұлы, Надек орта мектебінің директоры Хамза Беделханұлы, бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Клара Өмірзақова, еңбек ұжымы және оқушылар қатысты.
Пікірсайыс барысында жақтаушы «Айқын» тобы және даттаушы «Парасат» тобы өздерінің ұстанымдары жеткізе отырып, үш кезең бойынша сынға түсті.
Алғашқы кезеңде қарсыластар тақырыпқа сай баяндама жасап, өз позицияларын нақты көрсетті. «Айқын» тобының мүшесі Гүлзат Молдабекова Елбасы Жолдауын негізге алып, нарықтық жағдайда адами капиталдың өлшемі оның білім деңгейінің көрсеткішімен анықталатындығын айтып, білім беру бағдарламаларының негізгі басымдығыөзгерістерге үнемі бейім болукерек екендігін жеткізіп, біріңғай ұлттық тестілеуге заман талабына қарай өзгерістер енгендігіне тоқталды. Ал, «Парасат» тобының мүшесі Айғази Сыдықжан білім саласына еніп жатқан өзгерістердің көптігіне мән беріп, тестілеу жүйесінің кемшіл тұстарын жіпке тізгендей жеткізді.
Сонымен қатар, екі топ бір-біріне сұрақ қойып, жауап алмасты. Және де қатысушылар статистикалық мәліметтер ұсынып, қорытындысында ұтымды ой айтып, өткір сөздерімен шара көркін қыздырды.
Шара соңында білім және ғылым қызметкерлері Панфилов аудандық кәсіподақ комитетінің төрағасы Мақытбек Тұрлыбеков қатысушыларға алғысын білдірсе, әділ қазы алқасының шешімімен ойын анық жеткізіп, өзгелерді сөзіне сендіре білген «Айқын» тобы жеңімпаз деп танылды.
Жансая КЕНЖЕБЕК,Білім және ғылым қызметкерлері
Панфилов аудандық кәсіподақ комитетінің маманы
-
Фотографии
-