ЖАМБЫЛДАҒЫ АЛҚАЛЫ ЖИЫН
Биылғы оқу жылының алғашқы Атқару комитетінің отырысы 12 қыркүйек күні өтті. Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының Жамбыл облыстық ұйымының төрағасы Ерұлан Мағзымбековтың төрағалығымен өткен жиынға Атқару комитетінің мүшелері, Кәсіподақ филиалдары мен тікелей бағыныстағы құрылымдық бөлімше жетекшілері, аймақтық құқықтық инспекторлар қатысты.
Алқалы жиынды ашқан Кәсіподақ төрағасы алдыңғы аптада Астана қаласында өткен Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері Кәсіподағының Салалық Кеңесінің қараған мәселелері мен қабылдаған шешімдерімен алқа мүшелерін таныстырып, алдағы жоспарлармен бөлісті. Сондай-ақ, Атқару комитеті Кәсіподақтың Жамбыл облыстық ұйымы аппаратының жұмыс тәртібі туралы мәселе көтерді.
Жиында М.Х.Дулати атындағы ТарМУ-нің сала қызметкерлерін кәсіподақ мүшелігіне ынталандыруды қамтамасыз ету жұмысы туралы кәсіподақ төрағасы Берік Хусайнов баяндама жасап, өз жұмыстарымен таныстырды. Ал Кәсіподақ аппаратының бас маманы Сандуғаш Шымырқұлова кәсіподақ мүшелері мен олардың отбасы өкілдерін 2018 жылғы сауықтыру шараларымен қамту бойынша атқарылған жұмыс нәтижелерімен ақпараттандырды. Жиын барысында «Тәуелсіз елдің ұлағатты ұстаздары» атты педагогикалық ұжымдар көркемөнерпаздарының 7 облыстық фестивалінің қорытынды кезеңін өткізу туралы мәселе қаралып, Т.Рысқұлов, Мойынқұм, Талас және Біріккен комитет филиалдары аталған фестивальді күзгі демалыс кезінде өткізуге келісті.
Алқалы жиын сондай-ақ, 2018-2019 оқу жылында кәсіподақ белсенділерінің оқуын ұйымдастырудың жоспарын қарап, бекітті. Сонымен бірге, жыл соңына дейін Кәсіподақтың Жамбыл облыстық ұйымының кезекті Пленумын шақыру туралы мәселе қарап, шешім шығарды.
Перизат БАҚЫТ
-
Фотографии
-