ЖАМБЫЛДА «МЕКТЕПКЕ ЖОЛ» АКЦИЯСЫ ЖАЛҒАСУДА
Биыл «Мектепке жол» республикалық қайырымдылық акциясына 11 жыл толып отыр. Еліміз бойынша бастау алған қайырым мен мейірімге толы бұл шараның арқасында мыңдаған бала қолына қалам алып, қара таныды. Өзі сияқты балақайлармен қатарласып мектеп партасына отырды, сөмкесі сабаққа қажетті құрал-жабдыққа толды.
Дәстүрлі бұл бүкілхалықтық шара биыл 1 тамызда басталып, қыркүйектің 30 күні аяқталады. Акцияның мақсаты аз қамтылған, көп балалы отбасыларынан шыққан және ата-анасының қамқорынсыз қалған балаларға мектепке қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіп, қолдау көрсету. «Менің таңдауым - балаларға көмек көрсету!» ұранымен өтіп жатқан шараға Кәсіподақтың Жамбыл облыстық ұйымы мен оның құрылымдық бөлімшелері белсенді қатысуда. Мәселен, акция бастау алғалы бері Кәсіподақтың облыстық ұйымы көп балалы және аз қамтылған отбасынан шыққан 68 балаға жалпы сомасы 1 125 045 теңге көлемінде мектеп формасы, спорттық киімдер, мектепке қажетті құрал-жабдық алып беру түрінде көмек көрсетті.
- «Мектепке жол» акциясы – оқушыларға мектепке қажетті заттарды алуға көмектесу ғана емес, сонымен қатар қоғамды ізгілікке бастау жолындағы үлкен қадам болып табылады. Қанымызда бар – қамқорлық деген қасиетіміздің, кең пейіліміздің арқасында қаншама баланың бір реттік болса да қажеттілігі өтелуде. Біз, білім қызметкерлерінің кәсіподағы ретінде негізінен білім саласы қызметкерлерінің, яғни ұстаздардың отбасыларына көмек беруге тырыстық. Акция аяқталғанша әлі де қолымыздағы бармен бөлісіп, көмек қолын созамыз, - дейді Кәсіподақ төрағасы Ерұлан Мағзымбеков.
Перизат БАҚЫТ
-
Фотографии
-