Қаратал ауданында семинар өтті
Бүгін білім және ғылым қызметкерлері Қаратал аудандық кәсіподақ комитетінің ұйымдастыруымен «Еңбекшілердің құқығын қорғау біздің міндет» тақырыбында семинар өтті.
Шараның мақсаты – кәсіподақ ұйымындағы техникалық инспекторлардың біліктілігін артырып, әдістемелік көмек көрсету және заң шеңберінде жұмыс істеуге шақыру.
Үштөбе қаласындағы №13 орта мектептің базасында өткен семинарға Талдықорған аумақтық ұйымының бас мамандары М.Қ.Төлепбергенов, Ә.Қ.Тұрдығұлов, Қаратал аудандық білім бөлімінің әдіскері А.М.Дюсембинов, бастауыш кәсіподақ ұйымдарының төрағалары, техникалық инспекторлар қатысты.
Аталмыш шараны білім және ғылым қызметкерлері Қаратал аудандық кәсіподақ комитетінің төрағасы Асхат Исабаев жүргізіп, кәсіподақтағы жағымды жаңалықпен бөлісті. Онда алғаш рет аудандағы кәсіподақ мүшелері медициналық тексеруден тегін өткізілгенін жеткізді. Сонымен қатар, сауықтыру орындарына жолдамалар беріліп, «Мектепке жол» акциясы бойынша 2 бала толық қамтамасыз етілгенін баса айтты.
Талдықорған аумақтық ұйымының бас маманы Мэлс Төлепбергенов жаңа оқу жылы қарсаңында мектептердің дайындығы тексеріліп жатқандығын, білім ордасында қауіпсіздік ережелерін сақтау қажет екендігін айтты. Ал, заңгер Әсет Тұрдығұлов күнделікті жұмыста еңбек дауы туындаған кезде оны шешу механизмі туралы баяндама жасады.
Жиын барысында 36 мекеменің техникалық инспекторларымен одан ары жұмыс жүргізу жағдайы пысықталды. Сондай-ақ, семинарға қатысушылар құқықтық мәселелер бойынша сұрақтар қойып, жауап алды.
Білім және ғылым қызметкерлері
кәсіптік одағы Талдықорған
аумақтық ұйымының баспасөз қызметі
-
Фотографии
-