ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ – ЖҮРЕККЕ ТІРЕК
Адамға жақсылық жасау, қайырымдылық көрсету ата-бабамыздан қалған дәстүр. Баланы жастайынан жақсылық пен адамгершілікке тәрбиелеу олардың болашақта озық ойлы, көргенді азамат болып қалыптасуына жол ашады. Жуырда «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Атырау облыстық ұйымы» қоғамдық бірлестігі «Мектепке – жол» атты республикалық қайырымдылық шарасын ұйымдастырды. Аталмыш акцияның мақсаты – көпбалалы отбасынан шыққан балалар ата-анасының қамқорлығынан айырылған, жетім балалар және күн көрісі төмен отбасынан шыққан балаларға әлеуметтік көмек көрсету және оларды қолдау еді. Кәсіподақ үйінде өткен шараны облыстық қоғамдық бірлестіктің төрағасы Қылышбай Сүндетұлы кіріспе сөз сөйлеп ашып, қайырымдылық ісіне білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ ұйымдары белсене араласып отырғандығына тоқталды. Сөйтіп, облыстық ұйым атынан 15 жеткіншекке жаңа үлгідегі мектеп кастьюмдерін кигізді. Сондай-ақ, осы шараға қатысқан аталмыш кәсіподақтың Құрманғазы аудандық филиалы – 50, Атырау қалалық – 30, Жылыой – 10, Индер – 4, Қызылқоға, Исатай және Мақат – 3 балаға жомарттық танытты. Жиналыс барысында Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы А.Қ. Ахмет № 15 Абай атындағы орта мектепің оқушысы Ораз Династың анасына оқу-құралдарын алу үшін 20 мың теңге сый ұсынды.
Шараға қатысқан Атырау аймақтық кәсіподақ бірлестігінің төрағасы Баймұқанов Ізтұрған Ұзақбайұлы былай деді: «Біз бүгінгі Кәсіподақтар үйіндегі осындай шараны өткізіп өзімізді-өзіміз жарнамалап, арзан атақ-абырой жинаудан аулақпыз. Атадан қалған жақсы сөз бар «Бар жақсылық – балаларға!» дегендей, қолымыздан келгенше әркімнің қарекетіне қарай әлеуметтік жағынан қорғалмаған жасөспірімдерге қол ұшын бергеніміз дұрыс. Міне, сіздер залдан байқап отырған боларсыздар, осы акцияны өткізуге Атырау облысының барлық салалық кәсіподақ ұйымдарының басшылары, Атырау қаласындағы оқу орындарының өкілдерімен бірге ата-аналарда қатысып отыр. Сондықтан аталған шараға қолдау білдірген баршаңызға ұйым атынан және жеке өз атымнан рахметімді айтқым келеді. Бұл шара күн ертең басталғалы отырған барша мұсылмандардың «Құрбан айт» мерекесімен тұспа-тұс келіп отыр. Демек, жасалынып жатырған игі шараларымызды бір Алла қолдасын демекпін. Баршаңызға зор денсаулық, өмірде тек қана қуанышты күндеріміз көп болсын демекпін. Ал, енді бүгінгі жас жеткіншектерімізге тек қана сабақтарын «беске» оқып, саналы тәртіпті болып еліміздің болашағы үшін адал еңбек ететін жастар болып ер жетсін».
«Берсең – балаға бер» дегендей, бұл күні базарлық алған жас жеткіншектердің қуанышында шек болмады.
Тұрсын ҚАЛИМОВА, «Айқын» газетінің арнаулы тілшісі.
Ерлан АЛТЫБАЕВ, «Атырау» газетінің арнаулы тілшісі
-
Фотографии
-