Балаларға қуаныш сыйла!
Жаңа оқу жылы қарсаңында «Мектепке жол» жалпы республикалық қайырымдылық акциясы басталды.Дәстүрге айналған шараны білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағы Талдықорған аумақтық ұйымы ұйымдастырды.
Іс-шараның мақсаты - еліміздің ертеңі-балаларға қамқорлық көрсету, білім саласындағы қызметкерлердің балаларына сапалы білім алуына мейлінше жағдай жасау, мекеме басшылары мен қайырымды жандарды акцияға қолдау көрсетуге шақыру.
Облыс орталығындағы Оқушылар сарайында өткен шараға Талдықорған аумақтық ұйымы, Текелі қалалық және Ескелді, Қаратал, Көксу аудандық кәсіподақ комитеттерінің төрағалары, ата-аналар, балалар қатысты.
Қайырымдылық шараны Талдықорған аумақтық ұйымының төрағасы Садық Әбдіқадыров ашып, жүргізді. «Болашағымыз осы оқушылармен тікелей байланысты екендігін ескерсек, балалардың алаңсыз білім алуына, жақсы тәрбиеленуіне үлесімізді қосқанымыз», -деді өз сөзінде кәсіподақ ұйымының басшысы.
Акция барысында 20-ға жуық балаға көмек көрсетіліп, мектепке қажетті киім-кешек, кеңсе тауарлары тапсырылды. Оқушылардың қуаныштан жүздері жадыраса, ата-аналар ризашылықтарын білдірді.
«Қайырымдылық — халқымыздың ең ізгі қасиеттерінің бірі болса, жылы жүректі, жомарт азаматтарымыз балаларды қуантып, сауабы мол іске атсалысып жатыр. «Жанашырлыққа — жан риза» дегендей бүгінгі игі шараны ұйымдастырушы аумақтық кәсіподақ ұйымына алғысымды айтамын», -деді көпбалалы ана Бөкей Рахманқызы.
Аталмыш акция Талдықорған аумақтық ұйымына қарасты аудандық, қалалық кәсіподақ комитеттерінде жалғасын таппақ.
Білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағы
Талдықорған аумақтық ұйымының баспасөз қызметі
-
Фотографии
-