ЖАМБЫЛ ЖАСТАРЫНЫҢ АТЫНАН АЛҒЫС АЙТАМЫЗ
Кәсіподақ ұйымдарының басты міндеттерінің бірі – заманауи жастар саясатын жүзеге асыру, жастарды кәсіподақ қатарына тарту, олардың өзекті әлеуметтік мәселелерін шешуге жәрдемдесу болып табылады. Осы орайда, Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының ұйымдастыруымен Маңғыстау облысының орталығы Ақтау қаласында 15-19 маусым күндері «Кәсіподақ жастар қозғалысы – Рухани жаңару мен жаңғыру жолында» жас ұстаздардың республикалық жазғы лагеріне өтті. Оған кең байтақ Қазақстанның барлық аймағынан кәсіподақ жастары мен жас ұстаздар, жастар ұйымдарының өкілдері, жоғарғы және орта кәсіптік білім беру ұйымдарының студенттік кәсіподақ жетекшілері қатысты.
Еліміздегі іргелі оқу орындарының бірі - Ш.Есенов атындағы мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінің мәжіліс залында өткен республикалық жас ұстаздардың жазғы лагерінің салтанатты ашылуынан соң қатысушылар 362 әулиенің мекені болған маңғаз Маңғыстау мен әсем Ақтаудың киелі де қасиетті жерлерін аралап, тарихымен танысты. Қазақтың абыз ақсақалы болған, маңдайына біткен жарық жұлдыз Әбіш Кекілбаевтың балалық шағы өткен мекеннің сұлулығына тамсанды.
Лагерьдің екінші күні жастар кәсіподақ төрайымы Майра Амантаевамен «галстуксыз кездесу» форматында өткен басқосуда пікір алмасу өткізіп, көкейде жүрген сұрақтарына жауаптар алды. Майра Тұрғанқызы өз сөзінде еңбек етуші және студент жастардың құқықтары мен мүдделерін әлеуметтік қорғау бойынша шаралар Кәсіподақтың жастар саясатының негізгі міндеттері болып анықталғанын, олар біздің даму жоспарымызда, салалық облыстық, аудандық келісімдер және ұжымдық шарттарда қарастырылғанын, сонымен қатар, жас жұмыскерлердің заңнамалық құқықтары мен кепілдіктері былтыр қабылданған Келісімде бекітілгенін баса айтты.
Үшінші күні лагерь демалушылары 4 топқа бөлініп, әр топ жұмысшы жастардың әлеуметтік, мәдени дамуына, спортпен шұғылдануына, жастарға тәрбие мен білім беру, кәсіподақ жұмысына жаңа формалар мен тәсілдер енгізу, қоғамдық маңызы бар бастамаларды іске асыру, жастардың әлеуетін кәсіподақ ұйымдары және оның мүшелері үшін пайдалануға жәрдем ету мәселелерін талқылады. Семинар барысында Кәсіподақ төрағасының орынбасары Айгүл Мұқашеваның «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағы – республикадағы азаматтық қоғам институты іспетті» дәрісі, Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының бас маманы Әлия Әбиеваның «Келіссөздер - дау-жанжалдарды басқару технологиясы» және ҚР жастар саясаты саласындағы ұлттық тренерлер пулының мүшесі Еркебұлан Күнтуғанның жүргізген «Өзін-өзі жетілдіруді жақсартуға арналған коммуникативтік қасиеттерді дамыту» тақырыбындағы дәрістерін ерекше атап өту керек.
Лагерьдің негізгі мақсаты болып табылатын - жастардың қоғамдық белсенділігін арттыруды мақсат тұтқан ұйымдастырушылар жастардың құқықтары мен мүдделерінің қорғалу деңгейін анықтау және оларды жетілдіру жолдарын іздестіруді жастардың өзіне жүктеді. Осылайша, дәстүрге айналған үшінші жазғы лагерь қорытындыланып, барлық қатысушыларға сертификаттар табысталды, үздік деп танылып, белсенділік көрсеткен жастарға Кәсіподақ төрайымы атынан Алғыс хаттар берілді.
Кәсіподақ жастарының өзара араласып, аймақтардың бір-бірімен достық қатынасының беки түсуіне себеп болған жазғы лагерьді ұйымдастырған Білім кәсіподағына, сондай-ақ кәсіподақ төрайымы Майра Тұрғанқызына Жамбыл жастарының атынан алғыс айтамыз.
Жамбылдық жастардың атынан
Бейбіт БЕКНАЗАРОВ
-
Фотографии
-