ЕҢБЕК ДАУЫН ШЕШУДЕ КЕЛІСУ КОМИССИЯСЫ ҚАНШАЛЫҚТЫ ҚАУҚАРЛЫ?
«Жеке еңбек даулары туындаған жағдайда келісу комиссиясының жұмыс тәртібін насихаттау» тақырыбында өткен Жамбыл облыстық-семинар кеңеске кәсіподақ төрағасы Ерұлан Мағзымбеков бастаған аудандық Филиал жетекшілері, аудандық құқықтық еңбек инспекторлары мен есепші-мамандар, «Тараз-Профсоюз-Турист» пен «Еңбекші» газетінің ұжымы және аудандық білім бөлімінің басшысы Жайдар Жазықбаев бастаған аудандық білім мекемелерінің басшылары мен бастауыш кәсіподақ ұйымының жетекшілері, кәсіподақ белсенділері қатысты. Семинардың негізгі бөлімінде аудандық кәсіподақ үйірмесінің модераторы Жайдар Жақашев «Жеке еңбек дауларын шешу жөніндегі келісу комиссияларының қызметін ұйымдастыру жұмысының тәжірибесі» тақырыбында коучинг ұйымдастырды. Семинар қатысушыларын 5 топқа бөлген модератор әр топқа жеке-жеке тапсырма беріп, топтардың берген жауаптарының заң мен нормаларға, келісімдер мен ұжымдық шарттарға сәйкестігін, нақтылығын анықтап отырды. Әр топ өздеріне берілген тапсырмаларын ортаға шығып қорғап, эксперттік топ мүшелерінің сын-ескертпелері мен ұсыныстарын оң қабылдап отырды. Сергіту сәтінде А.Қалқабаева ұйымдастырған үзілістерде шағын жаттығулар орындаған семинар қатысушыларының көңілі көтеріліп, жұмысқа деген шабыттары оянып отырды. Семинар барысында жеке еңбек дауына қатысты ауданда орын алған аудандық келісу комиссиясының отырысынан қойылым қойылып, онда мәселенің кәсіподақ мүшесінің пайдасына шешілгендігі айтылды. Сондай-ақ, аймақтық құқықтық инспектордың сала қызметкерлері-кәсіподақ мүшелерінің құқықтары мен мүдделерін қорғау жұмысы туралы ақпарат берілді. Мәліметке сәйкес, 2017 жылы 17 жазбаша өтініш түсіп, заңдылығы анықталып, қанағаттандырылған. Былтырғы жылы аудандық комитеттің өкілдік етуімен еңбек шартын негізсіз бұзу бойынша сотқа 3 арыз жолданып, аудандық кәсіподақ төрағасы Бахтияр Махамедов пен заңгері Елдос Ерғабылұлының араласуымен үш қызметкер жұмысына қайта орналасып, лажсыз бос жүрген күндері үшін 485345 теңге өтемақы алған. 2017 жылы аймақтық құқықтық еңбек инспекторының экономикалық әсері 367548 теңгені құраса, биылғы жылғы бұл көрсеткіш осы уақытқа дейін 3 млн. 929717 теңгені құрап отыр. Семинардың шарықтау кезінде Кәсіподақ төрағасы Ерұлан Мағзымбеков пен эксперттік топ мүшелері семинардың мазмұнына өз пікірін білдіріп, ұсыныстарын айтты. Қатысушыларға белсенділік танытқаны үшін Ерұлан Сәбенұлы алғыс айтып, аудандық комитетке Алғыс хат пен бағалы сыйлық табыс етті. Жиын соңы естелік суретке түсумен аяқталды.
Перизат БАҚЫТ
-
Фотографии
-