КӘСІПОДАҚТЫ ҰЛЫҚТАП, АСТАНАНЫ АСҚАҚТАТТЫ
Қазақстан кәсіподақтары күні мерекесін Кәсіподақтың Жамбыл облыстық ұйымы Шу аудандық кәсіподақ белсенділері үлкен қызығушылықпен, қуанышпен атап өтті. Еліміздегі еңбекші таптың мүддесі мен құқығын қорғайтын бірден бір ұйым - кәсіподақтардың беделін арттыруды және аталған ұйымның ардагерлеріне құрмет көрсетуді көздеген Шу ауданы білім беру қызметкерлерінің кәсіподақ комитеті бірқатар сапалы шаралардың ұйытқысы болды.
Мереке Төле би орта мектебінде бастауыш кәсіподақ ұйымдарының көшбасшылармен өткен «Кәсіподақ, ол қажет пе?» тақырыбындағы дөңгелек стол отырысынан басталды. Мұнан соң М.Х.Дулати атындағы орта мектебінде барлық кәсіподақ мүшелерінің қатысуымен «Астана – столица, центр культурного развития, профсоюзного туризма и досуга» мерекелік шарасы жоғарғы деңгейде өтті. Мерекенің бірінші бөлігін мектептің кіші қызметкерлері флеш-мобпен бастап, көрме ұйымдастырып, концерттік номерлер көрсетті. Екінші бөлімде «Кәсіподақ кеше, бүгін, ертең» тақырыбында дөңгелек стол ұйымдастырылып, тренинг пен туристік өлкетанулық ойын өтті. Мереке соңы ыстық бауырсақ жәрмеңкесі, кофе-брейкпен аяқталып, барлық мерекеге қатысқан кәсіподақ мүшелері мектеп әкімшілігі тарапынан марапатталды.
Мерекенің жалғасы барлық аудан мектептері бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағалары қатысқан салтанатты жиынмен жалғасты. М.Мақатаев атындағы тірек мектебінің ауласында басталып, әсем безендірілген сахнада жалғасқан шарада аудандық білім беру қызметкерлері кәсіподағының төрайымы Алтын Сихимова мен кәсіподақ ардагері Қамажай Иманбаева сөз сөйлеп, аймақтағы кәсіподақ қозғалысының мән-маңызына тоқталып, мерекелік шараға қатысушыларды кәсіподақ күнімен және Б.Момышұлы орта мектебінің ұзақ жылдар бойы бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы қызметін атқарған А.Нусубекованы зейнетке шығуымен құттықтап, бағалы сыйлықпен марапаттады. Алаңда ыстық бауырсақ жәрмеңкесі ұйымдастырылып, мойындарына кәсіподақ шарфын таққан, қолдарында «Кәсіподақтар - еңбекшілердің бірлігі мен ынтымағы үшін!», «Астана 20 жыл», «Қазақстан кәсіподақтары күні» деген лозунгы бар жас кәсіподақ мүшелері сапқа тұрып Кәсіподақ гимнін орындап, мерекенің сәнін кіргізді. Кәсіподақтың ең үздік бес белсенді көшбасшылары грамотамен және барлық бастауыш кәсіподақ көшбасшылары тыңғылықты еңбектері үшін қаржылай марапатталды.
Жиын соңы бастауыш кәсіподақ төрағаларының аспанға «Астанаға 20 жыл», «10 маусым - Қазақстан кәсіподақтары күні» атты жазулары бар лозунгтарды ұшыруымен аяқталды.
Перизат БАҚЫТ
-
Фотографии
-