УНИВЕРСИТЕТТЕ ӨТКЕН КӘСІПОДАҚ КҮНІ
М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті аймақтағы сапалы білім мен саналы тәрбие беріп жатқан бірден-бір іргелі оқу орны. Берік Хусайынов төрағалық ететін оқу орнының кәсіподақ ұйымы университеттің профессор-оқытушылары мен қызметкерлерін ұжымшылдыққа баулып, бір ортақ мақсатқа жұмылуға жігерлендіріп жүрген жасампаз ұйым. Мереке қарсаңында университет ректоры, профессор Махметғали Сарыбеков Қазақстан кәсіподақтары күні мерекесімен ұжымды құттықтап, бірқатар қызметкерлерді Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Жамбыл облыстық ұйымының Құрмет грамотасымен марапаттады.
- Студент жастарды біліммен қаруландырып қана қоймай, оларды еңбексүйгіштікке, еңбек ете білуге және еңбекке ынталы болуға тәрбиелеу қажет. Себебі, кімде-кім пайдалы еңбекпен айналысса, сол адам ғана қоғамның лайықты азаматы болады. Еңбек еткен адам ғана кәсіподақ мүшесі бола алады. Ал кәсіподақтар дегеніміз - азаматтық қоғамның ажырамас бөлігі, - деген университет басшысы Заң факультетінің деканы Қайрат Нұрманбетовты кәсіподақтың облыстық ұйымының Құрмет грамотасымен марапаттады.
Сондай-ақ, игілікті шарада Оқу-әдістемелік жұмыстар жөніндегі департамент директоры Алдаберген Малибеков, Технологиялық факультеттің бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Айша Мукаева, Әкімшілік-шаруашылық бөлімінің инженер-сметашысы Бақытжан Байтасов пен «Механика және машина жасау» кафедрасының меңгерушісі Досумбек Джакияев та марапатталушылар қатарынан табылды.
Жиынға қатысушы профессор-оқытушылар бұл мейрам еңбек адамының қоғамдағы мәртебесін арттыруға, өндірістік қызметтерді ынталандыруға, жұмысшы мамандықтарды насихаттау мен көпжылдық еңбек дәстүрлерін нығайтуға бағытталғанын атап өтті.
Перизат БАҚЫТ
-
Фотографии
-