
ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ КӘСІПОДАҚ ӨКІЛДЕРІМЕН ЖҮЗДЕСТІ
10 маусым - Қазақстан кәсіподақтарының күні қарсаңында Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов облыстағы кәсіподақ ұйымдарының төрағаларын қабылдады. Келелі кеңес барысында кәсіптік одақтардың қоғамдағы орны мен рөлі туралы пікір алмасулар өтті. Асқар Исабекұлы уақыттың өзі кәсіподақтарға қоғамға қажетті күш екендігін дәлелдейтін мүмкіндік беріп отырғанын айтып, еңбек адамының еңсесі биік болуы үшін аянбай еңбек етуге шақырды.
- Бүгінгі таңда кәсіподақтың негізгі мақсаты – еңбек адамдарының құқықтары мен мүдделерін қорғаудағы жұмысын мейлінше жандандыру болып табылады. Сіздердің еңбектеріңіздің арқасында еліміздегі еңбек адамының әлеуметтік-экономикалық мүдделері іске асырылған, достық пен ұлтаралық келісім орнаған тұрақты мемлекетке айналдық. Бүгінгі уақыт кәсіподақтардың жаңарып, аяғына нық тұрып, әлеуметтік әділеттілік қорғаушысы болу қажеттігін айқындап отыр. Мен сіздердің осындай жауапты жұмыстарды іске асыруда белсенділік көрсетеді деп сенемін, - деді аймақ басшысы Асқар Мырзахметов.
Жиында облыстағы кәсіподақ ұйымдарының іргелі істері туралы кәсіподақ орталығының төрағасы Мейрамбек Төлепберген, Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының Жамбыл облыстық ұйымының төрағасы Ерұлан Мағзымбеков, облыстық кәсіпкерлік қызметкерлері кәсіподағының төрағасы Асанбек Наурызбаев сөз сөйлеп, әр саладағы түйіткілді мәселелерді шешуде кездесетін кедергілерді жергілікті атқарушы билік арқылы бірлесіп шешуге шақырды.
Кездесу соңында облыс әкімі бірқатар кәсіподақ белсенділерін Құрмет грамотасымен марапаттады.
Перизат БАҚЫТ
-
Фотографии
-