.jpg)
Кәсіподақ күніне орай өткізілген турнир
Қазақстан кәсіподақтары күні қарсаңында Ақтөбе облысы Байғанин ауданының Қарауылкелді орта мектебінде бастауыш кәсіподақ ұйымының қолдауымен шахмат, теннис, тоғызқұмалақ, дойбыдан спорттық турнир өткізілді. Қызықты да тартысты додалардың жеңімпаздары анықталып, келесі күні мектеп ұжымының қатысуымен жиналыс өткізіліп, мектеп директоры Қ.Қойшығұлова және бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы А.Нұрлан кәсіподақ мүшелерін мерекелерімен құттықтай отырып, спорттық турнирдің жеңімпаздарына және ұжым мүшелеріне марапаттарын тапсырды, мектеп өміріндегі кәсіподақ ұйымының атқарып отырған жұмыстарына да тоқталып өтіп, алдағы уақытта жоспарланып отырған шаралар туралы айтты. Бүгінгі таңда кәсіподақ қызметінің басымды бағыттарын бірі – Елбасының бес әлеуметтік бастамасын қолдау және оны іске асыруға ықпал ету, заң талаптарының орындалуын қадағалау. Бұл орайда жаһандық экономикалық жағдайға байланысты кәсіподақ қызметіне деген көзқарас та жаңара түсуде. Себебі қызметкерлердің жетістігі еліміздің экономикалық өсуіне тікелей әсер етеді.
Кәсіподақтар – азаматтық қоғамның құрамдас бөлігі болып табылады және еңбекшілердің әлеуметтік-экономикалық және еңбек құқықтарын қорғауды өз қызметінің ең басты міндеті деп танып, мемлекеттің нығаюына нақты үлесін қосып келеді. Мектепте өткізілген шара кәсіподақ жұмысының айқын көрінісі болды деп есептеймін.
Ақтөбе облысы,Байғанин ауданы,Қарауылкелді орта мектебі
бастауыш кәсіподақ ұйымының алқа мүшесі Сәуірбай Асылбек
-
Фотографии
-