БУХГАЛТЕРЛЕРГЕ АРНАЛҒАН СЕМИНАР ӨТТІ
Кәсіподақ саласында қаражатқа байланысты тәртіп қатаң. Мұнда қателесуге болмайды. Себебі, қаржы кәсіподақ мүшелерінің меншігі, былайша - халықтікі. Сондықтан да, есеп мамандарының біліктіліктерін одан сайын арттырып отыруы заңды құбылыс. Осы орайда, Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының Жамбыл облыстық ұйымы кәсіподақ филиалдарының бухгалтерлеріне арналған семинар ұйымдастырып, өткізді.
Облыстық кәсіподақ ұйымының төрағасы Ерұлан Мағзымбеков семинардың бағдарламасымен және мақсатымен таныстырып, кәсіподақ ұйымының беделі мен мәртебесін арттыруда қаржы басқару тетігінің білікті жүргізілуінің маңыздылығын атап өтті.
Бүгінде заңды білмеу жауапкершіліктен босатпайтындығын барлығы біледі. Сондықтан да ақшамен жұмыс істейтін мамандар үшін айыппұл мен дұрыс есептемеулер орын алмас үшін мұндай семинарлар арқылы ақпарат алу әлдеқайда тиімді болып отыр. Кәсіподақтың облыстық ұйымының бас есепшісі Гулия Акимбаеваның көп жылғы тәжірибесін ескере отырып семинардың сапалы да мазмұнды болғандығына еш күмән жоқ. Семинар барысында қатысушыларға міндетті медициналық әлеуметтік сақтандыру қорына аудару, ұстап қалу тәртібі таныстырылып, салық және бухгалтерлік есептеу, салықты есептеу және төлеу сынды бірқатар өзекті тақырыптар талқыланды. Кәсіподақтың есепші-маманы Жанбота Ибраимова да бағалы кеңестерімен бөлісті. Қатысушылар жалпы айтқанда кәсіподақ ұйымының қаржы-шаруашылық қызметі туралы, бухгалтерлік есеп жұмысының ұйымдастырылуы мен әдістері, салық саясаты туралы білімдерін жетілдіре түсті.
Қатысушыларға әдістемелік материалдар мен тақырып бойынша актілердің, заңдардың жинақтары таратылып берілді. Жиын соңында практикалық сабақтар өтіп, онда есепшілер алған білімдерін қорытындылады.
Перизат БАҚЫТ
-
Фотографии
-