«Айналайын» балалар үйінде «Жыл тәрбиешісі - 2018» кәсіби шеберлік байқауы өтті
Жуырда тәрбиеші – қызметкерлердің кәсіби шеберлігін арттыру, шығармашылық ізденістері мен қабілеттіліктерін дамыту мақсатында облыс орталығы Талдықорған қаласындағы «Айналайын» балалар үйінде «Жыл тәрбиешісі - 2018» байқауы өтті.
Байқау сайыс түрінде емес, тәрбиешілердің бір жылдық тәрбие жұмысының қорытынды есеп беруі түрінде ұйымдастырылды. Байқаудың өтуіне білім және ғылым қызметкерлері Талдықорған қалалық кәсіподақ комитеті демеушілік көрсетті.
Іс - шараға қалалық кәсіподақ комитетінің төрайымы Қ.Қсталасова, балалар үйі қамқоршылық кеңесі мүшесі Г.Мұратбаева, облыстық №1 балалар үйінің тәрбиешілері, «Рич» қоғамдық бірлестігінің, балалар үйінің қызметкерлері қатысты.
Қонақтар тәрбиешілердің оқу-тәрбие жұмысында, білім деңгейін көтеру үшін пайдаланатын портфолиоларын, балалардың жетістіктерін баяндайтын құжаттарынан дайындалған көрмені тамашалады. Байқау үш кезеңнен тұрды.
Бірінші кезеңде қатысушылар өздерін әртүрлі формада таныстырды. Бірі театрланған көрініс қойса, екіншісі домбырада ойнаса, үшіншісі өлең шумақтарын оқыды. Бұл сайыста тәрбиешілерге олардың шәкірттері барынша көмектесті.
Тәрбие жұмысының моделін қорғауға арналған екінші кезеңінде әр тәрбиеші 10 минут ішінде «Ұлттық тәрбие», «Мәңгілік Ел», «Еңбек, экономикалық және экологиялық тәрбие», «Көпмәдениетті және көркем-эстетикалық тәрбие», «Зияткерлік тәрбие», «Дене тәрбиесі, салауатты өмір салты», «Отбасылық тәрбие», «Рухани–адамгершілік тәрбие» бағыттары бойынша жұмыс моделін қорғап, слайд арқылы әр бағыттың мақсат – міндеттерін, әдіс – тәсілдерін, нәтижесін көрсетті.
Үшінші кезеңде тәрбиешілер тәрбие сағаттарынан үзінді көрсетті.
Жоғарғы деңгейде өткен байқауға барлық тәрбиешілер белсенді қатысып, қазылардың оң бағасын алды.
Әр тәрбиешіге номинациялар бойынша дипломдар, бағалы және ақшалай сыйлықтар тапсырылды.
А.ЖӨНКЕБАЕВА,Талдықорған қалалық
кәсіподақ комитетінің маманы
-
Фотографии
-